«ЛУДОМАНИЯ — ҒАСЫР ДЕРТІ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЫНЫП САҒАТЫ ӨТТІ

Бүгінде қоғам көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп келеді. Түрлі салалардағы жұмыс сапасы жақсаруда. Сонымен қатар интернеттің кең қолданысқа енуімен түрлі түйткілді мәселелер де өзекті болып отыр. Оның қатарында нашақорлық пен лудомания сияқты әлеуметке қауіп төндіретін, адамның рухани дамуын тежейтін мәселелер бар. Сәйкесінше, аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде бұл әлеуметтік кеселдердің алдын алуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асып жатыр. Ол қатарда Түркістан облысы да бар.

Осы орайда, өткен аптада Түркістан облысы Түлкібас ауданының білім бөліміне қарасты Г.Титов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 7А сынып жетекшісі А.Сейтова «Лудомания — ғасыр дерті» тақырыбында сынып сағатын өткізді. Педагогтың сөзінше, лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынған ақпараттарына сенсек, елімізде ойын құмарлықтан жапа шеккендердің саны отыз алты мыңнан асып жығылады.
Құмар ойынның құмарынан шыға алмай, құрдымға кеткен талай жас көз алдымызда. Бұл дерт күн өткен сайын қанатын жайып, өмір шырғалаңында талайларды шырылдатты. Қоғамдық дертті, қоқысқа тастайтын уақыт жетті. Өйткені бұл мәселе уақыт өткен сайын жастармыздың санасын улап, құрдымға түсіруде. Мәселені уақыттың еншісіне қалдырмай, тиісінше дұрыс әрекет жасап, жастарымызды дерттен сауықтырып, уақытты емшіге айналдыруымыз қажет. Осы және өзге де өзекті ойлар айтылған жиын барысында жастарға кеңінен ақпарат берілді.