МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗілді

Лудомания – қоғамның дамуын тежейтін фактор. Бүгінде құмар ойынға ессіз берілу мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық сынды түйткілдерге шырмалуына да себепші болады. Осы орайда, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінде арнайы кеңес өтті. Оған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті өкілдері, Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Кадр және тәрбие жұмысы басқармасының жеке құрам инспекторы, Полиция департаментінің Жол патрульдік полкі инспекторлары және Түркістан қаласының орталық мешітінің бас имамы қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Ерұлан Икрамұлының баяндамасында қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері туралы Заңда қамтылған маңызды заңнамалық өзгерістерге қатысушылардың назарын аударды. Атап айтқанда, енді ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынды. Бұл өзгерістің ерекшілігі, біріншіден – мұндай қылмыстарды әлеуметтік осал азаматтардың жекелеген санаттарының жасауы, екінші өзгерісі – ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық шарттарын орындаған сотталғандарға қатысты. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарды бірден қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу мүмкіндігін тоқтату бастамасы да талқыланды. Бұл арқылы жемқорлардың артықшылықтары жойылды. Бұдан бөлек, спикер құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар үшін сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілгенін жеткізді. Ал Мемлекеттік қызмет саласындағы Бақылау басқармасының маманы Нұрбол Базарбек заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға түсіндірме беріп өтті. Яғни, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер және Әдеп кодексі талаптарын қатаң сақтау, тәртіптік практика мәселелері, мемлекеттік органдардың қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесінің жұмысын жетілдіру, үстеме жұмыс істеу мен мемлекеттік қызмет өткеру бағытындағы өзгерістер туралы баяндады. Сондай-ақ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс — қимыл туралы» Заңның 12-ші бабының 1-ші тармағы ойын мекемелерінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау жөніндегі 6-тармақшамен толықтырылғанын атап, құмар ойын мекемелеріне бару тәртіптік жауаптылықты көздейтін болса, құмар ойынына қатысу, бәс тігу қызметтен босатуға алып келетінін түсіндірді.
Бұл ретте Түркістан қаласының имамы Талғат Сейдалиев еліміздің дәстүрлі діні туралы айтып, деструктивті діни жат ағымдардың жолына түспеу туралы түсіндіріп өтті. Жол патрульдік полк инспекторлары жол қозғалысы ережелеріне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып өтті. Өз кезегінде жылдамдықты шамадан асыру, жол ережелерін бұзу сияқты бұзушылықтар үшін әкімшілік жазалардың қатаңдатылғанын ескертті. ТЖД Кадр және тәрбие жұмысы басқармасының жеке құрамы бойынша инспектор Ғалымжан Әлжанов азаматтық қорғау саласында атқарып жатқан қызметкерлердің тәртіп мәселелеріне тоқталып, заңдылықтың сақталуын, қандайда бір құқық бұзушылықтарға жол бермеу туралы айтты. Жиын барысында қатысушылар сұрақтар қойып, жауаптар алды. Кеңес қорытындысы бойынша Департамент басшысы Нұржан Искаков осы жиынның негізгі мақсаты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасамау үшін тәуекелдерді болдырмау қажеттігін, сондай-ақ әдеп нормаларын, еңбек және жол жүру ережелерін тиісінше сақтау, ол бойынша қажетті шаралар атқарылып жатқанын, сонымен бірге қоғамда және ұжымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру бойынша жұмыстар жалғаса беретінін атап өтті.