БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫ ЖОЮ БАСТЫ НАЗАРДА

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттері бұзушылықтарды алдын-алу, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау, олардың бұзылуына жол бермеу мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, осы бағытта ауқымды жұмыстарды жүргізуде.

Осы орайда, қатардағы қызметшілердің құқықтарының бұзылуын алдын-алу, бұзушылықтарды болдырмау және жою бағытында өзінің елеулі үлесін қосып жатқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2023 жылғы 29 мамырдағы № 121 бұйрығымен бекітілген және 2023 жылдың 12 маусымынан бастап қолданысқа енгізілген Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторинг жүргізу қағидаларын ерекше атап өткім келеді.
Бұл тұста, Агенттіктің және оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторингті жүзеге асыру мақсатында сәйкестендіру карталарын көрсетіп, мемлекеттік органдардың ғимаратына кедергісіз кіруге құқығы бекітілген.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен жұмыс уақыты режимінің сақталуы бойынша мемлекеттік органдарға бару арқылы жүргізілген мониторинг қорытындысымен ағымдағы жылдың 1-жартыжылдығының өзінде жұмыс уақытынан тыс жұмыста отырған 49 қызметшінің құқығы қалпына келтіріліп, оларға тынығу уақыттарының берілуі қамтамасыз етілді.
Бұдан бөлек, жұмыс уақыты режимінің сақталуы мәселесі бойынша мемлекеттік органдарға бармай қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесі арқылы мониторинг жұмыстары жүргізіліп, қабылданған шаралардың нәтижесі бойынша жұмыс уақытынан тыс жұмыста отырған 40 қызметшіге тынығу уақыттарының берілуі қамтамасыз етіліп, олардың құқықтары қалпына келтірілді.

Талдау жұмыстарына қатысты

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің заңмен кепілдік берілген әлеуметтік қорғалуын, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету және заңнама талаптарының бұзылуын алдын-алу мақсатында, Департаментпен мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша талдау іс-шаралары кеңінен жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың 1-жартыжылдығында Департаментпен мемлекеттік органдардың тәртіптік практикасына, мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беру мәселесіне және мемлекеттік қызметшілердің іссапарға шығуы кезінде құқықтарының сақталуына талдаулар жүргізілді.
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша жүргізілген талдау нәтижелерімен жалпы 64 бұзушылық анықталып, жүргізілген талдау қорытындыларымен 22 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді.
Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың тәртіптік практикасына жүргізілген талдаумен 37 бұзушылық анықталды, 6 мемлекеттік қызметшіге негізсіз қолданылған тәртіптік жазалардың күші жойылып, олардың құқықтары қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беруге жүргізілген талдау нәтижелерімен 1 бұзушылық анықталды. Департаментпен қабылданған шаралар нәтижесімен 830 000 теңге негізсіз берілген сыйақының өз еркімен бюжетке қайтарылуы қамтамасыз етілді.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің іссапарға шығуы кезінде құқықтарының сақталуын зерделеу нәтижесінде 26 бұзушылық анықталды, негізсіз толық көлемде төленбеген іссапар шығыстарын төлету арқылы 16 қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.

Тексеру іс-шараларына қатысты

Бұзылған құқықтарды қорғау жұмысында Департаментпен жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдары негізінде жүргізілетін тексерулер, сондай-ақ профилактикалық бақылау жұмыстары ерекше маңызға ие.
Осы ретте, 2024 жылдың І-жартыжылдығында Департаментпен мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша 9 тексеру мен профилактикалық бақылау жүргізіліп, олардың нәтижелерімен 163 бұзушылық анықталып, мемлекеттік органдарға енгізілген 9 нұсқаманың барлығы орындалған.
Тексеру және профилактикалық бақылау қорытындыларымен 24 қызметшінің құқығы қорғалды.
Осы ретте, Департаментпен мемлекеттік органға енгізілген нұсқама негізінде заңнама талаптары бұзыла отырып атқаратын лауазымынан босатылған 1 мемлекеттік қызметшіге қатысты қабылданған бұйрықтың күші жойылып, оның жұмысқа қайта орналасуы қамтамасыз етілді. Департаментке түскен жолданымды қарау нәтижесімен 1 мемлекеттік қызметшіге еңбек демалысын беру қамтамасыз етілді. Оған қоса, Департаментпен енгізілген нұсқама негізінде 1 мемлекеттік қызметшіге қатысты қабылданған тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың күші жойылды.

Қадамдық жоспарға қатысты

Профилактикалық жұмыстар, сонымен бірге Агенттікпен бекітілген Мемлекеттік қызмешілердің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіруге бағытталған қадамдық жоспары аясында жүргізілуде.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын және қызметтік әдеп нормаларын түсіндіру, мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау және қызмет көрсету бағытындағы заңнамадағы өзгерістер бойынша Персоналды басқару қызметі қызметшілері мен Әдеп жөніндегі уәкілдерге, мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссия төрағалары мен мүшелеріне ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап ай сайын тұрақты түрде әдістемелік-тәжірибелік семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, диалогтық алаңдар, семинар кеңестер ұйымдастырылуда.
Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын және қызметтік әдеп нормаларын түсіндіру арқылы құқықтық сауаттылығын арттыру, аналитикалық ойлауды және нақты жағдайлар контекстінде құқықтық нормаларды түсіндіру болып табылады.
Өткізіліп отырған тренингтер барысында талдау нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерге жалпы шолу жасалып, оның заңнамалық негіздері талқыланады, тәжірибелік нақты кейстарды шешу арқылы қатысушыларды бұзушылықтарды болдырмау бойынша жұмысқа бағдарлау жүзеге асырылады.
Осы орайда, ағымдағы жылдың тек шілде айының өзінде қадамдық жоспар аясында Департаментпен «Мемлекеттік орган басшылығын лауазымға тағайындау барысында біліктілік талаптарына сәйкестігі» тақырыбында семинар тренинг, кәсіби дағдыларды дамыту бойынша мастер-класс өткізіліп, мемлекеттік қызметшілердің жетістіктеріне арналған «Мемлекеттік қызмет қаһарманы» науқаны бойынша саралау жұмыстары жүргізілді.

Мемлекеттік қызметшілердің еріктілер қызметіне қатысуына қатысты

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде белгіленген қағидаттар мемлекеттік қызметшінің атқаратын қызметінің аса маңыздылығы мен оған ерекше жауапкершілік жүктелетінін айқындайды. Мемлекеттік қызметтің әдеп қағидаттары мемлекеттік қызметшіге жоғары талаптар қояды.
Осы ретте, әрбір мемлекеттік қызметші өз іс-әрекеті және мінез-құлқымен адалдықты жеке пайдадан жоғары қоюға міндетті. Қазіргі қазақстандық қоғам мемлекеттік қызметшілерден мемлекеттік және қоғамдық мүдделерге әділ және адал қызмет етуді, өз күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін елдің игілігі мен өркендеуі жолында жұмсауын күтеді.
Осы орайда, мемлекеттік қызметшілердің өз еріктерімен қоғамдық іс-шараларға белсене қатысуы көңіл қуантады. Айта кету қажет, 2023 жылдан бастап Департамент жанынан құрылған «Еріктілер кеңесі» консультативтік-кеңесші органы жұмыс жасайды. Еріктілер кеңесі Департамент қызметкерлері тарапынан, аумақтық органдар мен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері қатарынан құралған. Кеңестің мақсаты, азаматтар мен жастардың, студенттер мен оқушылардың ерікті қызметке қатысуын кеңейту, оларға белсенді өмірлік ұстаным дағдыларын қалыптастыру болып табылады.
Бүгінгі күні, еріктілермен жалпы 20-ға жуық іс-шара өткізілді. «Еріктілер кеңесі» консультативтік-кеңесші органымен тағдыр тауқыметін тартқан қарияларға драма театрында өткен қойылымдарына және Шымкент қаласының «№2 өмірлік қиын жағдайда жүрген жетім балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушілерінің көңілдеріне қуаныш сыйлау мақсатында «MEGA Planet» сауда орталығында орналасқан кинотеатрында көрсетілімдерге бару, «Дүниежүзілік тазалық күні» тазалық акциясы, «Оқушылар үйінің» тәрбиеленушілеріне мемлекеттік қызметшінің бейнесін бейнелеу байқауы, «Бар мейіріміміз балаларға» атты іс-шарасы, «Өзгеге өмір сыйла» атты қан тапсыру донор акциясы, «Тегін заң көмегі күні» акциясы өткізілген.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бұзушылықтарды болдырмауға, оларды алдын — алуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Раева Аянай Мұхитқызы,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі.