СПОРТ ДОДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Спорт – елдің атын әлемдік деңгейде танытатын саланың бірі. Сондықтан да елімізде аталған саланы алға жылжыту бағытында қыруар іс атқарылып келеді. Оның ішінде өңірлерде бұқаралық спортты дамыту һәм салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Осы орайда, жуырда Түркістан облысында ауқымды спорттық шара бастау алған болатын. Енді міне межелі мерзім келіп, жеңімпаздар анықталды. Тарқатайық…

Ашып айтсақ, Түркістан қаласында волейболдан 2012-2013 жылы туған жасөспірім қыздар арасында өткен республикалық турнир өз мәресіне жетті. Жарыс қаланың «Құрметті азаматы», ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мамаш Омаровты еске алуға арналды. Сайысқа Астана, Шымкент, Хромтау, Ақтөбе, Түркістан қаласы мен Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл облыстарынан келген 8 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Тартысты ойында Түркістан қаласының «№2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» волейболшы қыздары I орынды иеленсе, II орын Ақтөбе қаласына, III орын Ақтөбе облысы, Байғанин ауданына бұйырды.
Жиынға қатысқан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Әсілбаев пен «Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры Әнуар Сәрсенбаев жеңіске жеткен командаларды құттықтап, қатысушыларға алғыс білдірді. Жеңімпаз командаға арнайы кубок табысталып, жүлдегерлер алғыс хаттармен марапатталды. Айта кетейік, соңғы уақытта Түркістан қаласында байрақты бәсекелер жиі өтіп келеді. Мұның өзі күллі күнгейдің спорт саласын ілгерілетуге ықпал етуде.