«ЕЛ БІРЛІГІ — ЕҢ ҚАЖЕТ ҰҒЫМДАРДЫҢ БІРІ»
Елімізде дін тақырыбына қатысты пікірталас жыл өткен сайын үдеп барады. Бұдан қоғам ұтылмаса, ұтпайды. Осы тұста қалың оқырманның көкейінде «тиісті сала өкілдері тарапынан қандай іс атқарылып жатыр?» деген заңды сауал туындайды. Осы орайда, газетіміздің кезекті санында Шымкент қаласы Дін істері басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаевпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.
– Бахтияр Әлтайұлы, халықты біріктіріп, ұлтты ынтымаққа ұйыстыратын құндылықтың бірі – дін десек, қателеспейміз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс» деген болатын. Соңғы жылдары қаскөйлер дінді қоғамды біріктіру мақсатында емес, жік салу жолында пайдаланып келді. Бұл – тұтастығымызға нұқсан келтіріп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіргені жасырын емес. Осы ретте еліміздегі үшінші мегаполис саналатын Шымкенттегі діни ахуал қандай? Алып шаһарда дін саласында нендей жұмыстар атқарылуда?
— Шымкент қаласындағы діни ахуал тұрақты. Бұл осы бағыттарда тиісті жұмыстарды дұрыс ұйымдастыра білудің нәтижесі деуге болады. Қала басшылығының қолдауымен ұтымды ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде дін саласында ілкімді істер жүзеге асырылды.
Бүгінде Шымкент қаласында 12 конфессияны білдіретін исламдық емес бағыттағы 32 діни бірлестік және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 95 мешіт-филиал қызмет атқарады. Қолданыстағы заңнамалардың аясында жұмыстар жүргізіліп жатқандықтан, қандай да бір келеңсіздіктер орын алды деп айта алмаймыз. Дегенмен жекелеген діннің атын жамылған кереғар діни ағымдардың іс-әрекеттерін де жоққа санауға болмас. Сондай мәселелердің алдын алуда біздер өзара бірлесіп жұмыстарды жүзеге асырып келеміз. Ол өз кезегінде әр түрлі форматтардағы кездесулер мен жиындар, түрлі деңгейдегі басқосулар арқылы жүзеге асырылуда. Қазіргі кезең – әлемдік деңгейде ақпараттық ағымның мейлінше дамыған кезеңі. Сондықтан ғаламторды пайдалану мәселесінде де көптеген жұмыстар жүргізілуі тиіс. Осы бағыттарда да тиісті жұмыстар қолға алынды.
Интернет желісінде деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы насихат және алдын алу жұмысын Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген әдістемелік ұсынымдарына сәйкес жүргізуде.
Дін істері басқармасы тарапынан 2024 жылы интернет желісіндегі жұмыстарды жетілдіру мақсатында негізгі жұмыстар үш бағытта жүзеге асырылуда.
Біріншіден, интернет-ресурстарда қарсы насихат материалдар жариялануда және ілгерілеуде;
Екіншіден, әлеуметтік желілердегі радикалды қауымдастықтардың тіркелушілерімен жұмыстар жүргізілуде;
Үшіншіден, заңға қайшы контентті анықтау мақсатында интернет-кеңістігінде мониторинг ұйымдастырылуда.
Есепті кезеңде әлеуметтік желілерде 2515 діни танымдық материал жарық көрді («Haqjoly.kz» порталында — 879, «Фейсбук» — 471, «Инстаграм» — 471, «Тик Ток» — 302, «Телеграм — 331, «Ютуб» — 61).
Ал, дiни экстремизмнiң алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері тарапынан 1186 іс-шара ұйымдастырылып, 147 406 адам қамтылды.
Бұдан бөлек, діни бірлестік қызметіне теологтардың қатысуларымен тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді.
Жалпы, қала аумағында конфессияаралық шиеленістер туындау фактілері орын алған жоқ.
– Бірлікке сызат түсіретін діни ала-құлалықтан қалай арыламыз? Сіздің ойыңызша, дін мен ділдің, дәстүр мен салттың орнықты үйлесім табуы үшін не істеу керек?
— Ел бірлігі – ең қажетті ұғымдардың бірі. Халқымызда «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қанатты сөз бар. Әлмисақтан бері мұсылман халқымыз қашанда дініне берік, дәстүріне адал болып келді. Дін мен дәстүрді өзара орайластыра, топтастыра білді. Соның арқасында бұл екі ұстын бүгінде егіз ұғымға айналды. «Үш қасиетің: дініңді, тіліңді, діліңді сақта!» деген дана халқымыз бұл ұғымдардың ара-жігін ажыратпау керегін толық түсінді. Осыларды өзара үйлестіру арқылы еліміз бүгінде өзіндік жолы, өзіндік келбеті, өзіндік менталитеті бар елге айналып отыр десем артық айтқандық емес.
Бізге жаңадан велосипед ойлап табу қажет емес. Осы орнықты бағытты ары қарай дұрыс дамыта берсек қателеспейтіндігіміз анық.
– Қазір халқымызға теріс діни ағымдар тарапынан қандай қауіп бар? Ара-тұра әлеуметтік желілерде ел арасына іріткі салатын қасаң сөздер мен қилы ой-пікірлер айтылып қалады. Бұл арнайы арандатушы топтардың әрекеті ме әлде ашық қоғамда болуға тиіс заңдылық па? Осыған тоқтам болуы тиіс керек шығар, бәлкім?..
— Жаңа айтып өткендей, қоғамдық ортада кереғар діни ағымдардың іс-әрекеттері ара-кідік бой көрсетеді. Бұл мәселелер қазіргі кезде әлеуметтік желілер арқылы да байқалып жүр.
Жалпы, қолданыстағы заңнамаға сәйкес келмейтін кез келген діни бағыттағы іс-әрекет заңсыздық болып есептеледі.
Ондай жағдайларға жол берілмеуі тиіс. Кереғар діни ағымдардың іс-әрекетіне заңмен тыйым салынған. Ол үшін елімізде түрлі деңгейдегі мемлекеттік құрылымдар жұмыс атқарып жатыр. Дегенмен мұндай мәселенің алдын алуды біз тек мемлекеттік құрылымдарға сүйеніп отыра бермей, қоғам болып, күш біріктіре отырып күресуіміз керек. Сонда ғана нақты нәтижелерге қол жеткізуге болады.
– Қоғамды дүрдараздыққа итермелейтін түрлі жат ағымдарға қалай тоқтам салуға болады? Басқарма тарапынан деструктивті діни топтарға тойтарыс беру мақсатында нендей жұмыстар атқарылуда? Жалпы жат ағымдардан сақтану жолдары қандай? Онымен күресте не нәрсеге басымдық берген дұрыс?
— Тәуелсіздік алған уақыттарда елімізде экономикалық, ішкі және сыртқы саясатқа көбірек көңіл бөлінді, сол уақыттарда өкінішке орай діни ахуал елеусіз қалып кеткен болатын. Түрлі діни ағымдар отанымызға жер асып келіп, өздерінің діни сенімдерін таратты, нәтижесінде, жаңа діни топтар пайда болды. Қазіргі таңда жат ағымдар әлеуметтік желілер арқылы түрлі жолдармен, соның ішінде жүйелік ойындар арқылы өз қызметтерін белсенді түрде атқаруға тырысуда.
Жат ағымдардың жұмысына тосқауыл қою мақсатында арнайы жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде, қалалық дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің Оңалту жұмыстары және діни-психологиялық қолдау бөлімінің теологтары деструктивті топтардың қатарына түскен азаматтармен арнайы, тұрақты түрде кездесулер өткізіп, оңалту жұмыстарын жүргізуде. Оңалту жұмыстарының нәтижесі жақсы, жаман емес. Заңбұзушылық, экстремистік және террористік белгілер орын алған жағдайда құқық қорғау органдары тарапынан арнайы шаралар қолданылады. Осы орайда «Адасқанның айыбы жоқ» демекші, түзеу мекемесіндегі азаматтармен де арнайы оңалту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн.
Шын мәнінде, жат ағымдардан қорғану үшін азаматтардың бойында арнайы иммунитет қалыптастыру қажет, бұл түсіндіру жұмыстары, жеке кездесулер арқылы арнайы ақпарттардың берілуі, интернет желісіндегі жарияланатын діни ақпарттардың саралануы сияқты жұмыстар арқылы жүзеге асырылады.
(Қосымша: Деструктивті, экстремистік, террористік діни топтардың қатарына қосылудың алдын алу үшін халықтың діни сауаттылығының дамуына көңіл бөлу қажет. Діни сауаттылықтың артуы арқылы адам діннің сипаттары мен айырмашылықтарын, дұрысы мен бұрысын, яғни теріс ағымдарды ажыратуды үйренеді, өзінің жеке құқықтарын білу арқылы жат ағымдардың кез-келген жерде өз діни идеологияларын таратуына тосқауыл болады.)
– Мемлекет – қоғамдағы дін саласын реттеуші. Осы ретте интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқырылып жатыр?
— Шымкент қаласының дін істері басқармасы құзырет шегінде бес бағыт бойынша жұмыстар атқарып келеді. Соның бірі — ақпараттық саясатты жүргізу. Деструктивті діни идеологияның ақпараттық кеңістікте таралуын болдырмау және алдын алу үшін 3 бағытта жұмыс жүргізудеміз. Интернет – ресурстарда қарсы насихат материалдарын жариялаймыз, әлеуметтік желілердегі радикалды қауымдастыққа тіркелушілермен жұмыстар, заңға қайшы контентті анықтау мақсатында мониторинг жүргіземіз.
Есептік кезеңде, «ВКонтакте» желісіндегі исламдық бағыттағы дәстүрлі емес діни ағым қауымдастықтарына тіркелген 8240 желі қолданушыларына, құқықтық және діни-танымдық хабарламалар жолданды. Нәтижесінде 981 желі қолданушысы аталған қауымдастықтардан бас тартты. «Кибернадзор» ақпараттық қауіпсіздік жүйесіне шетелдік деструктивті діни ағым уағыздаушыларының 17813 материалы бұғаттау үшін енгізілді. «Контр» ақпараттық жүйесіне 274 материал салынды. Оның ішінде 268 материал бекітілді.
Бұдан бөлек, қаладағы өзге этнос өкілдері тығыз шоғырланған аймақтарда фокус-топ зерттеуі жүргізілуде. Фокус топты жүргізудегі мақсатымыз туындауы мүмкін мәселелерді анықтай отырып, алдын алу шараларын ұйымдастыру.
– Зиялы қауым – қоғамның айнасы. Елдегі діни ахуалдың қалыптасуына түрлі қоғамдық ұйымдар да өз үлесін қосатыны белгілі. Келесі сауалым діни бірлестіктерге қатысты. Олармен өзара іс-қимыл қаншалықты деңгейде жолға қойылған?
— Жоғарыда айтып өткенімдей қала аумағында 12 конфессияны білдіретін исламдық емес бағыттағы 32 діни бірлестік және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 95 мешіт-филиал қызмет атқарады. Осы мақсатта ең алдымен қаладағы діни конфессиялардың жетекшілерімен «Діни бірлестктер клубы» аясында тоқсанына бір рет және әр айда жетекшілерімен жеке кездесуіміз тұрақты жолға қойылды. Ол кездесулерде түрлі деңгейдегі проблемалық мәселелер қаралып, оларды оңтайлы шешудің жолдары қарастырылады. Бұдан бөлек, қалалық дін істері басқармасы тарапынан діни ұйымдар өкілдерінің қатысуымен семинарлар, тренингтер, дөңгелек үстел мәжілістері көптеп ұйымдастырылуда. Мысалы, 2024 жылдың 7 тамыз күні Әл-Фараби атындағы ғылым-әмбебап кітапханасында «Бабалар ізімін: қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» тақырыбында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен арнайы жиын өтті.
Ал, тамыз айның 20 күні қаладағы «Достық» үйінде қалалық этномәдени бірлестіктер мен діни бірлестіктер төрағаларының қатысуымен «Рухани келісім — бірлік пен тұрақтылықтың кепілі» тақырыбында арнайы басқосу ұйымдастырылды. Өз кезегінде діни бірлестіктердің қарым-қатынасын арттыруда мұндай кездесулерді көптеп ұйымдастырудың маңызы жоғары деп есептеймін.
Оқушы қыздардың мектепте орамал тағу мәселесі Жыл сайын оқу басталар кезде мектепте орамал тағу тақырыбы көтеріледі. Биыл да бұл мәселеге назар аударылды. Біздің мемлекетіміз Конституция бойынша «Зайырлы Мемлекет» деп есептелінеді. Мектеп те зайырлы.
2024-2025 жаңа оқу жылында жалпы орта білім беру ұйымдарында ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» №26 бұйрығының талаптарын қатаң сақтау мақсатында оқу-ағарту министрлігі тарапынан әзірленген «Мектептің ішкі тәртіп Ережелерін қамтамасыз ету қағидалары» бойынша жұмыстар ұйымдастырылуда.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасына сәйкес, АТЖ қолдау мектептердегі зайырлылықты насихаттау мақсатында әзірленген бейнероликтер әлеуметтік желілерде, оның ішінде білім басқармасымен бірге әзірленген «Stop Terrorism» атты Telegram-чатта жарияланды.
Басқарма тарапынан орамал тұтынушы оқушылары бар мектептерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарды жүргізуге ерекше назар аударылды.
Бұл ретте, теолог мамандардың қатысуларымен мектеп оқушылары мен ата-аналар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарды жүргізілуде.
Сұхбаттасқан, С.НҰРАЙ.