ҚАРТТАР – ҚОҒАМНЫҢ РУХАНИ ҚАЗЫНАСЫ

Адам өмірінде қарттық кезең – даналықтың, өмірлік тәжірибенің және асыл құндылықтардың алтын уақыты. «Аман сау жүрсін қарттарым!» деп айту арқылы біз оларға өзіміздің шын жүректен көрсететін құрметімізді білдіреміз. Қарттар – отбасының тірегі, қоғамның рухани қазынасы.

Қарттарымыздың өмірі – тарихтың өзіндей. Олар қиын кезеңдерде еңбек етіп, ұрпақтарын тәрбиелеп, ұлттық дәстүрлерді сақтауда. Олардың даналығы мен ақыл-ойы, жастарға жол көрсетіп, өмірдің мәнін түсінуге көмектеседі. Біз оларға тыңдап, құрметпен қарауымыз керек, өйткені әрбір әңгіме, әрбір естелік – алтыннан да қымбат. Алайда қоғамдағы қарттардың мәселелері де бар. Көптеген қарттар жалғыздық пен қаржылық қиындықтарға тап болады. Оларға көмектесу – біздің міндетіміз. Қарттарға арналған әлеуметтік бағдарламалар мен мейрамханалардағы шаралар, қолдау көрсету – бұл біздің қоғамымыздың мәдениеті мен азаматтығының көрсеткіші.
Қарттарға әлеуметтік көмек – олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған түрлі шаралар мен бағдарламаларды қамтиды. Осы салада жүріп, қазіргі таңда қарттармен жақын қарым-қатынас орнаттым. Әрқайсысының өмірлік қиындықтары мен қуаныштарын әңгімелерін тыңдап, өмірлік тәжірибе алуға болатынын ұқтым. Жүректеріндегі жылулық сезімі соншалық, мені де жатырқамай өздерінің немересіндей қабылдады. Бірде мұңайса, енді бірде балаша қуанып отырады. Ал келесі бір күндерде өмірлерінің сын шақтары естеріне түсіп, күрсініп отыратындары да болады. Өздері уақыт ағынымен қартайып, күш-қуаты кетіп жатса да жүректерінен әлі де жастық шақтың дүрсілі естіліп тұратындай-ақ. Әлеуметтік салада жұмыс жасап қарттарымыздың жанын оданда жақынырақ түсініп келемін.
«Аман сау жүрсін қарттарым!» – бұл тек тілектен гөрі, нақты іс-әрекетімізбен расталуы тиіс. Олардың денсаулығы мен бақытын қамтамасыз ету, қоғамда лайықты орын беру – бізге берілген міндет. Қарттарымызға қамқорлық жасап, оларға қуаныш сыйлау арқылы біз өзіміздің болашағымызды қалыптастырамыз.
Қарттар күні – қоғамда қарт адамдардың мәртебесін көтеру, оларға құрмет көрсету, олардың өмірлік тәжірибесін бағалау мақсатында аталып өтетін ерекше мереке. Бұл күн, әдетте, қазан айының бірінші жексенбісінде тойланады. Қарттар күнінің тарихы 1980 жылы БҰҰ-ның бастамасымен басталады. Бұл күні адамдар қарттардың қоғамдағы рөлін атап өтіп, оларға алғыс білдіреді. Қарттар – біздің тарихымыз, мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің сақтаушылары. Бұл күні түрлі шаралар ұйымдастырылады. Олардың қатарына концерттер, шығармашылық кездесулер, ардагерлермен өтетін кездесулерді жатқызуға болады. Мектептер мен ұйымдарда жастар қарттарға арнап қолөнер бұйымдарын жасап, сыйлықтар ұсынады. Сонымен қатар бұл күн – қарттардың проблемаларына назар аударудың маңызды сәті. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және жалғыздық мәселелері туралы әңгіме өрбіп, қоғам назарын аударуға мүмкіндік береді. Қорытындылай келе, қарттарымызды қадірлеп, оларға құрмет көрсету – әрқайсымыздың борышымыз. Олардың әрбір күнімізге қосқан үлесін бағалап, «аман сау жүрсін» деп айтқанымыз – біздің жүрегіміздің тереңінде жатқан шынайы тілек.

А.Б. Бақытова,
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№7 үйде қызметтер көрсету жағдайында Арнаулы
әлеуметтік қызметтер көрсету Орталығы» КММ 2-бөлімшесінің әлеуметтік
қызметкері.