ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТТЫҚ САЙЫСТА БАҚ СЫНАСТЫ
Түркістан қаласы облыс орталығы болған уақыттан бері қоғамның көптеген салалары қатар дамып келе жатыр. Ол қатарда спорт та бар. Жаңарған материалдық-техникалық база мен заманауи спорттық мекемелер көптеген жетістікке жетуге ықпал етіп отыр. Қала берді, облыс орталығында көптеген байрақты бәсекелер де сәтті өткізіліп келе жатыр. Мәселен, жуырда Түркістанда қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында бірнеше спорт түрінен жарыс өтті.
«Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» тақырыбында ұйымдастырылған спорт жарысында жасөспірімдер волейбол, шахмат пен тоғызқұмалақтан сынға түсті. Спорт жарысының мақсаты – бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып, салауатты өмір салтын ұстауды насихаттау, жасөспірімдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттыру. «Сауран» тұрғын алабында өткен шахмат сайысына қаладағы 10 мектептен жиналған оқушылар қатысты. Интеллектуалды ойында ұлдар арасында №8 мектеп және қыздар арасында №6 мектеп оқушысы алғашқы орыннан көрінді.
Ал Яссы тұрғын алабында волейболдан өткен жарыста №15 М.Жұмабаев мектебінің оқушылары I орынды иеленсе, II орын №24 М.Шоқай мектебіне, III орын №14 Қазыбек би мектебінің жас спортшыларына бұйырды. Сонымен қатар Бірлік тұрғын алабында ұлттық ойын түрі тоғызқұмалақтан жарыста өтіп, ой ұшқырлығы сыналатын бәсекеге шаһардағы №27 Ө.Жәнібеков пен Е. Иззатуллаев атындағы білім ордаларының оқушылары қатысты. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.