АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ ӨЗЕКТІ ТҮЙТКІЛДЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы қоғамның сан түрлі саласы қатар дамып келе жатыр. Осы орайда, жұмыс жоспарына сәйкес, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков аппараттық мәжіліс өткізіп, тапсырмалардың орындалуын тексерді. Жиын барысында қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков жетекшілік ететін салалары бойынша атқарылған жұмыс есебін баяндады. Инфрақұрылым және коммуникациялар бөліміне, Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне, Сәулет және қала құрылысы бөліміне жүктелген тапсырмалар талданып, бақылаудан алуға негіздеме ұсынылды.

Бүгінгі күні қала аумағында 41,7 шақырымды құрайтын 40 көшеге асфальт төселіп бітті. Жыл соңына дейін 36,8 шақырымды құрайтын 30 көшені асфальттау жоспарланып отыр. Мәдениет сарайының құрылысы да тұрақты қадағалануда. Қазіргі таңда нысанда жұмыс қарқыны күшейтілді. Мердігер жұмысшы санын арттырып, құрылысқа 4 техника жұмылдыруда. Ғимаратта ішкі және сыртқы әрлеу және ауласын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Қала әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов өз кезегінде 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының нысаналы индикаторы декомпозициясының орындалуы мен ықтимал қауіптерге тоқталды. Түйінді нысаналы индикаторлардың жылдық жоспары бойынша облыс орталығына 35 тапсырма бекітілген. Бизнесті қолдау және туризм бөлімі тамыз айында өзіне жүктелген 3 индикаторды асыра орындап, жыл көрсеткішін мерзімінен бұрын аяқтауды көздеп отыр.
Жұмыспен қамту саласында «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» жобалары мен әлеуметтік жұмыс орындарына қатысты жоспарларды орындау үшін тірлікті тиянақтау қажеттігі ескертілді. Нұрбол Әбдісаттарұлы құрылысы аяқталған нысандарды қабылдау барысында жергілікті белсенді азаматтардың пікірін тыңдау маңызды екенін атап өтті. Шауғар мен Бірлік тұрғын алабтарындағы демалыс аймақтарының құрылысын мерзімінен кешіктірмей аяқтау үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. Мәжіліс қорытындысымен тапсырма-жоспар қайта түзіліп бекітілді. Орындау мерзімдері белгіленіп, жауаптылар нақтыланды.