АУЫЛ ОКРУГ ӘКІМДЕРІНЕ ЖАҢА ТЕХНИКА КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

Қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың басты міндеттерінің бірі. Бұл бағытта елімізде ауқымды шаралар жүзеге асып келе жатқанынан қалың оқырман хабардар деген ойдамыз. Әйткенмен өзекті мәселелер де жоқ емес. Бүгінде бірқатар өңірде қоршаған ортаның тазалығына жауапты мамандар техникаға зәру. Бұл мәселе қыстың қақаған аязында анық аңғарылады. Өйткені жол тиісті мерзімде ашылмай, жүргізушілер қиындыққа тап болады. Себеп – техника жетіспеушілігі. Бұл мәселе Ордабасы ауданында шешімін тауып келе жатыр. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз…

Жуырда аудан орталығындағы алаңда Бадам, Шұбарсу, Шұбар, Бөржар, Төрткүл, Жеңіс, Қараспан, Бөген, Қарақұм ауылдық округтердің әкімдеріне салтанатты түрде жаңа техникалардың кілттері табысталды. Тіркемесі бар МТЗ 89.1 маркалы тракторларды сатып алуға жергілікті бюджеттен 65,5 млн теңге қаралған. Шараға арнайы қатысқан аудан басшысы Азат Оралбаев жаңа техникалар елді мекендердегі санитарлық тазалық, қыс мезгілінде автомобиль жолдарын тазалау, күтіп ұстау жұмыстарын жүргізуде мол септігін тигізетінін айтып, ауыл әкімдерінің жоғарыда аталған бағыттар бойынша нәтижелі жұмыс жасайтындықтарына сенім білдірді.
Салтанатты шараға аудандық маслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, ақсақалдар мен сала мамандары қатысты. Айта кету керек, «Темірлан тазалық» мекемесінде санитарлық тазалық жұмыстарын және абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге арналған 26 арнайы техника мен 88 қызметкер бар. Олар 4 секторда жұмыс жүргізеді.