БӨГЕНДІКТЕРГЕ КӨТЕРІҢКІ КӨҢІЛ КҮЙ СЫЙЛАҒАН ШАРА ӨТТІ
Еліміздің күнгейіндегі аудандар ауыл шаруашылығына маманданған. Қала берді, тарихы да өткен ғасырдан бастау алады. Оның қатарында 1964 жылы құрылған Ордабасы ауданы да бар. Аймақ сол уақыттан бастап күні бүгінге дейін көптеген жетістіктерге жетті. Тіпті, облыс көлемінде аграрлық сала айрықша дамыған аудандардың көшін бастаған сәттер де болды. Міне, биыл дәл осы аудан 60 жылдық мерейтойын тойлап жатыр. Газетіміздің бұған дейінгі сандарында ұйымдастырылып жатқан шараларды турасында тарқата баяндаған едік.
Іс-шаралар легі әлі де жалғасып жатыр. Тарқатар болсақ, Ордабасы ауданының 60 жылдығына орай «Ауылым алтын бесігім» атты өнер фестивалі бұл жолы Бөгенде өтті. Бөген ауылдық округінде ұйымдастырылған шарада ауылшаруашылық техникаларының, асыл тұқымды төрт түліктің, қолөнер шеберлерінің, ауыл округіндегі шағын кәсіпкерлердің өндірген заттары және мектеп, балабақша оқушылары жасаған бұйымдардың көрмесі өтті. Сондай-ақ ұлттық тағамдар мен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы тауарлары, Бөгеннің балық өнімдері де жұрт назарына ұсынылды. Бұдан бөлек спорттың қол күрес, қазақ күресі, шахмат, тоғызқұмалақ, гір тасын көтеруден жарыстар өтті.
Аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков бөгендіктерге жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға алғыс хат беріп, сый-құрмет көрсетті. Жоғарғы деңгейде өткізілген іс-шара барысында аудандық Мәдениет үйінің және Бөген ауылдық округінің өнерпаздары көпшілікке ән-күй тарту етіп, концерт соңы отшашуға ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.