АУДАН ӘКІМІ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Аймақтар дамыса, күллі елдің экономикасы өркендейді. Сондықтан бүгінде аудандарды дамытуға айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде, күнгейдегі аймақтарды айрықша атап өту қажет. Жалпы ел экономикасының драйвері ауыл шаруашылығы екені жиі айтылып жүр. Ал аграрлық сала бойынша Түркістан облысының әлеуеті айрықша жоғары. Бүгінде бұл өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту шаралары қарқын алған. Қала берді, саланы әртараптандыру бойынша да кешенді шаралар жүзеге асып келе жатыр.
Ауыл шаруашылығы жайлы сөз қозғалса, Ордабасы ауданын айналып өте алмасымыз анық. Осы орайда, жуырда аудан әкімі Азат Оралбаев Бадам ауылындағы Индустриялды аймақта болып, іске асырылып жатқан жоба иелерімен жиын өткізді. Онда аймақ басшысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау керегі, мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән берілетіні айтылғанын тілге тиек етіп, жобалардың іске асырылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, бәсекелестік ортаның қалыптасуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жеке инвестиция көлемінің артуына, аудан бюджетінің кіріс көзінің ұлғаюына, өнеркәсіп саласындағы өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемінің артуына үлкен мүмкіндік беретінін алға тартты.
Аудан әкімі осы орайда әкімдік тарапынан әкімшілік кедергілерінің орын алуына жол бермеу, рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен қолдау тетіктерін дер кезінде ақпараттандыру және оны пайдалануда жобаларға сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету бойынша сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Кәсіпорындар арасында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу керектігін және ирригациялық жүйелерді қоқыстан тазарту, көгалдандыру, интернет желісіне қосылу бойынша тиісті компаниялармен келісімшартқа тұру жұмыстарын ұйымдастыру, 16 мВт подстанция ауданның меншігіне қабылдап алу мен басқа да заң аясында жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтау сынды тапсырмалар берді. Жиыннан соң аудан басшысы бірқатар кәсіпорындарды аралап, өзекті мәселелерімен танысты.