ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСЫН ЖҮРГІЗДІ

Түркістан облысында жыл басынан бері лудомания мен өскелең ұрпақ арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша ақпараттық-насихат жұмыстары жүріп жатыр. Аталған ақпараттық-насихат жұмыстарына мектеп педагогтері, психологтар, ауыл ақсақалдары мен билері, құқық қорғау саласының қызметкерлері атсалысты. Насихат жұмыстары күнгейдегі мектептер мен орта арнаулы оқу орындарын қамтыды. Бұл ғана емес, сала мамандарының білімін арттыру мақсатында да бірқатар тренингтер ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы шаралар әлі де жалғасып жатыр. Тарқатайық…

Өткен аптада Сарығаш ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары және ювеналды полиция инпекторлары тарапынан мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, әлімжеттік, буллинг, бопсалау, лудомания және құмар ойындарының алдын алу мақсатында бірқатар жиындар өткізілді. Нақтырағы, мұндай шаралар Сарыағаш ауданына қарасты Жылға ауыл округі, Шеңгелді ауылындағы №57 С.Мұқанов атындағы орта мектепте, Жібек жолы ауыл округіне қарасты Зортөбе ауылындағы №18 Абай атындағы жалпы білім беру мектебінде 7-11 сынып оқушыларымен өтті. Сонымен қатар Сарыағаш қаласындағы «Абу Али Ибн Сина» медициналық жоғары колледжінің студенттерімен кездесулер ұйымдастырылып, тақырып төңірегінде құнды деректер берілді. Бұған дейін де аталған бағыттағы бастамалар күнгейдегі аудандарда өткен болатын. Онда құқық қорғау қызметкерлері құқықбұзушылық пен қылмыстардың алдын алу және болдырмау мақсатында тәрбиелік мәні бар әңгімелерді айтып, заң баптары турасында кеңінен ақпарат берді.
Айта кету керек, биыл Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Енді аталған заң бойынша кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.