ОҚУШЫЛАРҒА ТЕРІС ӘРЕКЕТТІҢ САЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Бүгінде әлем жұртшылығы интернеттің кең қолданысқа енуімен қоғамды шарпып бара жатқан өзекті мәселелермен қарқынды түрде күресіп келе жатыр. Оның қатарында жастарды жарға итеретін лудомания сынды өзекті түйткіл бар. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта Қазақстанның өзінде барын бәске тігетіндердің саны өте көп. Тіпті, олардың қатары артып келе жатыр десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан да елімізде арнайы заң жобасы қабылданып, тиісті шаралар атқарылып келеді. Бұл ғана емес, жат қылықтан сақтандыруды көздейтін түрлі шаралар да ұйымдастырылуда.

Оның қатарына ақпараттық-насихат жұмыстарын жатқызуға болады. Бүгінде теріс әрекеттің салдарын салмақтап, жастарға түсіндіруді мақсат еткен насихат тобы кешенді шараларды жүзеге асырып келе жатыр. Осы орайда, жуырда Түркістан облысы, Түлкібас аудандық білім бөліміне қарасты Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінің 5-сынып оқушыларымен психологиялық қызмет бойынша «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» және «Лудоманияның алдын алу» туралы кеңес беру жұмыстары жүргізілді. Кеңес беру жұмысының мақсаты – жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, лудоманияның алдын алу мақсатында толыққанды ақпарат беру, отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кең етек жаюына тосқауыл болу, балаларға құқықтық тұрғыда білім беру, сонымен қатар өскелең ұрпақты сауатты болуға баулу.
Жиын барысында бүгінде кең етек жайып бара жатқан лудоманияның себебі мен салдары оқушыларға кеңінен түсіндірілді. Құмар ойынға деген тәуелділік әуестік емес дерт екені ұқтырылды. Өйткені лудомания халықаралық деңгейде ауру ретінде ресми түрде мойындалған. Одан адамды айықтыру үшін кешенді психологиялық шаралар көріледі. Осы орайда, педагогтер лудоманияның салдары қаншалықты ауыр болатынын айтып берді. Бастама аясында оқушылар да көкейде жүрген сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды.