ХАЛІҢ ҚАЛАЙ, ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫ?

сандар сөйлесін…

Бүгінде ғылымсыз қоғамның салалары алға баспайтыны анық болып отыр. Сондықтан болар әлемнің алпауыт елдері аталған салаға айрықша көңіл бөліп, ғалымдардың жағдайын жасауға басымдық беріп келеді. Ол қатарда Қазақстан да бар. Елімізде соңғы жылдар ішінде ғылымға бөлінетін қаражат артты. Ал көрсеткіштер қандай? Жуырда Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл сұрақтың жауабын берді. Тарқатайық…

Ведомство таратқан дерекке сүйенсек, қазақстандықтардың өнертабыстағы белсенділік коэффиценті 45,77-ге жеткен. Статистикада елдің өнертапқыштық белсенділік коэффициенті патенттеу ведомствосына берілген өтінімдердің 1 млн адамға шаққандағы саны арқылы айқындалады. Ұлттық зияткерлік меншік институтының мәліметі бойынша, бұл коэффициент 2021 жылы 41,28, 2022 жылы 42,39, 2023 жылы 45,77 болған.
Ұлттық зияткерлік меншік институтының жылдық есебіне сәйкес, «Patent Cooperation Treaty» тәртібі бойынша халықаралық патентке 2021 жылы 31 өтінім, 2022 жылы 24 өтінім, 2023 жылы 26 өтінім берілді. Еуразиялық патенттік конвенция тәртібі бойынша 2021 жылы – 81 өтінім, 2022 жылы – 78 өтінім, 2023 жылы – 103 өтінім түскен. Айта кету керек, «Patent Cooperation Treaty» рәсімі бойынша бір халықаралық өтінім беру арқылы өтінім беруші дүние жүзінің көптеген елдерінде өз өнертабыстарын қорғауды қамтамасыз ете алады. Ал Еуразиялық патенттік конвенция жеке және заңды тұлғаларға өздерінің өнертабыстары мен өнеркәсіптік үлгілеріне иелік ету құқығын біртұтас еуразиялық патент негізінде қорғауға мүмкіндік береді. Жалпы Қазақстанның өнеркәсіптік меншік объектілеріне 2021 жылы 12 761 қорғау құжаты, 2022 жылы 12 099 құжат, 2023 жылы 13 270 құжат берілген.

Ж.БАЛАУСА.