ЕСКІ КӨЛІККЕ ҚАТЫСТЫ ЕСТІ ШЕШІМ

жаңа бастаманың игілігін
қашан көреміз?

Ешбір адам еріккеннен ескі көлік алмайды. Жағдайы келмегендіктен, қалтасы көтермегендіктен шеттен келетін темір тұлпарларды тізгіндеуге ұмтылады. Қалың оқырманның жадында болса, маусымда Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексіне 10 жылдан асқан жеңіл көліктерге салық жеңілдіктерін қарастыратын өзгерістер енгізуді ұсынды. Десе де кей басылымдар мұны біршама уақыт күту керегін алға тартады. Өйткені түзетулер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі үшін 2025 жылдың шілдесіне дейін бекітілуі керек.

Түзетулер 10-20 жыл аралығындағы көліктер үшін 30 пайыз және 20 жылдан асқан көліктер үшін 50 пайыз салық жеңілдіктерін қарастырады. Алайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі Жолдауында өзгерістерді қабылдауға асықпауға шақырды. Келесі күні оның ұсынысы бойынша кейбір тиімсіз салық жеңілдіктері кодекстен алып тасталатыны белгілі болды. Бұл көлік иелері арасында алаңдаушылықты туғызғаны белгілі. Дегенмен Ұлттық экономика министрлігі ескі көліктерге қатысты жеңілдіктер жобада қалады деп сендірді. Шешім бюджетке түсетін түсімдердің төмендеуіне қарамастан, жаңа автокөлік сатып алуға мүмкіндігі жоқ қазақстандықтардың өмірін жеңілдету мақсатында қабылданған.
Жаңартылған Салық кодексін 2025 жылдың шілдесіне дейін пысықтау жоспарланып отыр және ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жеңілдік коэффициенттері сол күннен бастап қолданылады, сол уақытқа дейін салық ағымдағы мөлшерлемелер бойынша есептеледі. Салық төлеу мерзімі де өзгеріссіз қалады. Жалпы Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстанда 4,2 млн-нан аса жеңіл автокөлік тіркелген, оның 3,2 млн-нан астамының шығарылғанына 10 жылдан асқан, бұл жалпы көрсеткіштің 78 пайызына тең.

О.ҚАСЫМ.