МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА АРНАҒАН ЖОЛДАУЫН ЖАРИЯЛАДЫ
биыл қандай бағыттарға
басымдық берілді?
Биылғы қыркүйек айын қоғамның сан түрлі саласында еңбек ететін қазақстандықтар үлкен үмітпен күтті. Өйткені 2 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Бұл жолғы маңызды құжат «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбын арқау етті. Жолдау жүктейтін міндеттер еліміздің алдағы уақыттағы даму бағытын бағдарлайды. Ендеше ел Президентінің Жолдауында қандай бағыттарға басымдық берілді? Не айтты? Мақсат қандай? Осы және өзге сауалдардың жауабын табуға тырысып көрейік…
Мемлекет басшысы сөзін өткен сессияда жүзеге асқан жұмыстарға баға беруден бастады. Қарап отырсақ, бұған дейінгі сессия барысында 102 заң жобасы қаралып, қабылданыпты. Өткенге аз-кем шегініс жасасақ, қоғамда кеңінен талқыланған түйткілдердің шешімін табуға ықпал ететін бірқатар заңдар дайындалды. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам саудасы, лудомания сынды қоғамның өзегінде қайнап жатқан мәселелердің алдын алудан бастап, ғылым мен технологияны ілгерілету, жылу энергетикасын дамыту сынды басым бағыттарды заң жүзінде белгілейтін маңызды құжаттар бар. Қуантарлығы сол, өткен сессия барысында депутаттар бұқараның бел ортасында жүрді. Әлеуметтің өзегінде қайнап жатқан жайттармен жақыннан танысты. Танысып қана қойған жоқ, тиісті деңгейде іс-шаралардың қолға алынуына мұрындық болды. Мұның өзі ел Президенті бастамашы болған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тиісті деңгейде жұмыс атқарып келе жатқанын айғақтаса керек. Жасыратыны жоқ, соңғы бірнеше жылда билік тармақтарының жұмысы түбегейлі өзгеріске бет алды. Қоғамның сан түрлі саласында ірі серпіліс болып жатыр. Ел имиджі де әлемдік деңгейде жақсара түсті. Қазақстанға бірқатар әлемнің алпауыт мемлекеттерінің басшылары ат басын бұрды. Мұның өзі көпвекторлы саясат ұстанып отырған елдің жаһандағы абыройы мен беделінің биіктеп келе жатқанын көрсетеді деген ойдамыз. Бір сөзбен айтқанда, өткеннің еншісіндегі істердің жөні де, маңызы да зор…
Ел Президенті бұл жолғы Жолдауында бірнеше бағытты атап көрсетті. Әрбір бағытты атай отырып, елдегі өзекті мәселелерді де тілге тиек етті. Соның бірі – қаржыны тиімді пайдалану. Жасыратыны жоқ, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы тарихын қарайтын болсақ, қыруар ақшаның өзін ақтамайтын жобалар мен бастамаларға жаратылғанына көзіміз анық жетеді. Елдің экономикасына пайдасы болмағанымен, халықаралық деңгейде іс-шара өткізумен әлек болған сәттеріміз де аз емес. Енді мұндай дүниелерге жол берілмейді. Өйткені қазіргі жаһандық жағдай көрпеге қарай көсілу керегін анық дәлелдеді. Қаржыны тиімді басқара алмасақ, болашақтың қамы үшін жинап отырған Ұлттық қор ортайып, тіпті жуық арада түбі көрінуі мүмкін. Сондықтан мемлекет басшысы атап көрсеткен үнемдеу мен қаржыны тиімді басқарудың қазіргі Үкіметке маңызы айрықша. Мемлекет басшысы жоғарыда біз сөз еткен Ұлттық қордың маңызы мен міндетін де шенділердің есіне тағы бір рет салды. Нақтырағы «Ұлттық қордың рөліне жеке тоқталайын. Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет» деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жолдауда инвестиция тарту ісі де назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде жаһан елдері, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттері шеттен келетін әрбір тиын үшін бәсекеге түсіп жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздің жетістігі жаман емес. Өткен жылдар ішінде ауқымды қаржы Қазақстан экономикасына құйылды. Тіпті, әлемдік алпауыттардың өзі елімізге қызығушылық танытып отыр. Осының өзі ауқымды жұмыстар атқарылғанын айғақтайды. Ендеше ел Үкіметінің қазіргі уақыттағы ең басты шарасы – тартылатын инвестиция көлемін азайтып алмау. Жасыратыны жоқ, бүгінде Қазақстанның инвесторларға ұсынатын салалары жетерлік. Елімізде мұнай-химия, машина жасау, энергетика, туризм, аграрлық салалардың болашағы жарқын. Мұны елеп, ескеріп, қаржы құйып жатқандар да аз емес. Осы тұста айта кетерлігі, ел Президенті тәуелсіздік жылдары ішінде түрлі тәсілмен пайдаға кенеліп, қаржыны шетке тасыған азаматтардың әрекетін де сынға алды. Өз сөзінде «Тиісті реестрге енгізілген кәсіпкерлермен келісім жасаған кезде мемлекетке қайтарылатын активтерді «заңсыз» деп танымау туралы норманы бекітуге болады. Бұл – шын мәнінде, ірі кәсіп иелерінің мүддесіне сай келетін маңызды қадам. Бірақ, кәсіпкерлер де қаржыны республикалық бюджетке аудару мәселесіне келгенде Үкіметпен және Бас Прокуратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс. Бұл – әр теңге үшін саудаласпай, қажетті шараның бәрін өз еркімен жасау керек деген сөз. Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады» деді мемлекет басшысы. Мұның өзі айыбын жасыру қамымен түрлі әрекетке барып жатқан бизнес саласының өкілдеріне берілген сигнал болды десек, артық айтпаған болар едік. Соңғы уақытта болған сот процестерінен хабары барлардың енді іске көшетіні айқын.
Маңызды құжатта отандық өнеркәсіпті дамыту мен энергетика мәселелері де көтерілді. Бұл екі бағыттың өзі қоғамда кеңінен талқыланған тақырыптардың бірі десек, артық айтпаған болар едік. Түрлі пікірталастарға себеп болып келген коммуналдық тариф пен машина құрастыру саласын импорттан қорғау шаралары алдағы уақытта ашық та айқын талданып, әлеуметке түсіндіріледі деген сенімдеміз. Өйткені мемлекет басшысының өзі әлемдегі һәм елдегі жағдайды саралай келе, қысылтаяң сәттен шығудың амалы қарастырылып жатқанын аңғартты. Бүгінде ұзақ мерзімдегі мәселелерді көздеп, қолға алынып жатқан бастамалардың мәні мен маңызын жұртшылық жіті біле бермейді. Осындайда билік тармақтары ашық та айқын ақпарат беруі тиіс. Мұны ел Президенті емеурінмен жеткізген де тәрізді.
Жолдауда сөз болған тағы бір басым бағыт – кадр даярлау ісі. Бұл талайдан бері қоғамның ойында жүрген мәселе болатын. Бүгінде мектеп түлектері еңбек нарығымен санаса бермейді. Ал оның артында үлкен өкініш жатыр. Бұдан мемлекет те ұтылады. Өйткені кей салаларда басшылық қызметтерді атқаратын, зерттеу жұмыстарын жүргізетін білікті де тәжірибелі мамандар қат. Сондықтан шеттен жұмыс күшін тартуға мәжбүрміз. Қала берді, техникалық мамандықтардың маңызын ашып көрсету, еңбек нарығындағы сұраныспен санасуға үндеу бойынша кешенді шаралар қолға алынбай отыр. Мемлекет басшысының бұл саланы сөз етіп, нақты тапсырмалар беруі жұмысты жеделдетеді деген ойдамыз. Биылғы Жолдауда ұлттың саулығын жақсарту, экологияны реттеу, мемлекеттік басқару ісін ілгерілету, тәртіп пен заңды орнату сияқты өзекті түйткілдер де сөз болды. Тиісті тапсырмалар да жүктелді. Бір сөзбен айтқанда, бұқараның біраздан бері көтеріп, талқылап, күткен дүниелері маңызды құжатта көрініс тапты десек, артық айтпаған болар едік. Осы тұста айта кетерлігі, Жолдау жүктеген міндеттерді атқару үшін қоғамның бірлігі қажет. Бұқара мен билік етене жұмыс істегенде ғана елдің келешегі кемел болады. Ендеше ортақ мақсат жолындағы жұмыстарымыз жемісті болсын!
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.