АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ БІРҚАТАР САЛАЛАРДАҒЫ ЖҰМЫС БАРЫСЫ БАЯНДАЛДЫ
Шымкент қаласында соңғы уақыттарда ауқымды бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асырылып келе жатыр. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те бұқараның бел ортасында жүріп, әлеуметтің базынасына құлақ асып келеді. Бұл ғана емес, бүгінде мемлекеттік қызметшілерге қойылар талап та қатаңдап келеді. Өз ісінің үдесінен шыққандар көптің қолдауына ие болса, үнсіз қалатындар үлкен сынның астында қалады. Үшінші мегаполистің әкімі де әкімдік қызметкерлерінің ашық та әділ жұмыс істеуіне тікелей мүдделі.
Осы орайда, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісінде экологияның өзекті мәселелері, «Шымкент Бас Жоспары» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен жаңа жұмыс орындарын құру жоспарының 7 айлық қорытындысы талқыланды. Жиында Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев мегаполистің экологиялық ахуалын баяндап, тексеру барысында анықталған бұзушылықтарға тоқталды. Санитарлық қорғау аймақтарын бекітуге, өзен сулардың жағдайын жақсартуға, тұрмыстық қалдықтарға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Ал Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков «Шымкент Бас Жоспары» мекемесі тарапынан атқарылған жұмыстарды баяндады. Мемлекеттік мекеме қызметінің мақсаты – қала құрылысын, сәулеттік келбетін жақсарту, жер қатынастары және қала аумағын тиімді пайдалану саласын жетілдіру.
Бұдан бөлек, мәжілісте Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаева жаңа жұмыс орындарын құру жоспарының орындалуына тоқталды. Жалпы биыл қалада 26 482 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жоспар екі бағытта — азаматтардың жеке бастамасымен және қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары шеңберінде жүргізілуде. Жиын барысында жұмыс орындарының құрылуына мүдделі салалық басқармалардың тиісті іс-шараларды жүйелі түрде атқаруына қатысты тапсырмалар берілді. Қала әкімі сондай-ақ жауаптыларға жастарға қарастырылған білім гранттарын беруді тездету, жол құрылыстарын мерзімге сай атқару, тұрмыстық қалдықтарды жинастыруға қатысты бірқатар тапсырма жүктеді.