АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛУШЫЛАРДЫҢ САНЫ АЗАЙҒАН

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының 2024 жылдың I жартыжылдығында атқарылған жұмыс қорытындылары» тақырыбында баспасөз жиыны өтті. Жиында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейітқызы қаладағы жұмыспен қамту шараларының нәтижелері мен болашақ жоспарлары туралы ақпарат берді.

Басқарма басшысының сөзінше, Шымкент қаласында биылғы жылға жоспарланған жұмыспен қамту шараларының нәтижелері ашық түрде жарияланды. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Шымкентте 56,9 мың адамды жұмыспен қамту бағдарламасына қатыстыру көзделген. Осы мерзім ішінде 27 168 адам бағдарламалардың артықшылықтарын пайдаланып үлгерді. Бұл ғана емес, Шымкент қаласында биыл әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту шаралары бойынша елеулі өзгерістер мен жетістіктер орын алды. Қалада жұмыспен қамту шараларын нақты көрсеткіштер мен мақсаттарға сай жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, 2019 жылдан бері халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына бизнес-жобаларын іске асыру үшін 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз гранттар беріледі. Биыл Шымкентте 426 адамға грант беру жоспарланған болатын, бірақ комиссияның шешімімен 428 адамға қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл жоспардың артығымен орындалуының себебі – комиссия мүшелері қаржы бөлуді оңтайландырып, қосымша екі жобаны қаржыландырды. Гранттар мал шаруашылығынан қызмет көрсету саласына дейінгі түрлі бағыттарға бөлінді.
Сондай ақ 2024 жылдың алғашқы жеті айында 7 797 отбасындағы 40 419 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29,7 пайызға төмендеген. Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың саны азайғанымен, 1-6 жас аралығындағы балаларға берілетін қосымша төлемдер жалғасуда. Қазіргі таңда, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға беріледі. Бұдан бөлек, қалада 41 406 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында түрлі құралдар мен қызметтер беріліп отыр. Мысалы, протездік-ортопедиялық құралдарға 6 520 өтініш қабылданып, 4 111 құрал қамтылды. Сонымен қатар, мүгедектерге арналған қоларба, тифлотехникалық құралдар және жеке көмекші қызметтері де көрсетілуде. Шипажайларға жолдама алуға 11 607 өтініш қабылданып, 6 314 азамат қамтылды. Шымкенттің әлеуметтік бағдарламаларының тиімді жүзеге асырылуы қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған. Бұл шаралар халықтың әл-ауқатын арттыру мен қоғамның барлық мүшелерінің тең мүмкіндіктерге ие болуын қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатыр.