АУДАН ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Сәйкесінше, еліміздің барлық өңірінде аталған тұжырымдаманы жүзеге асыру бойынша кешенді шаралар атқарылып келе жатыр. Оның ішінде Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында жүзеге асып келе жатқан жұмыстар көп.

Бүгінде аудан әкімі Азат Оралбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, базынасына құлақ асып келе жатыр. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер де дер кезінде орындалып, әлеуметті мазалаған түйткілдердің түйіні ағытылуда. Жуырда дәл осы бағыттағы кезекті қабылдау өтті. Оған алдын ала жазылған тұрғындар қатысып, толғандырған мәселелерін жеткізді. Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар Бөржар көлі үстіндегі жайылым жер, ауылішілік мазаратқа бара жол, Қайнар ауылындағы егістік және суармалы жер, Амангелді ауылындағы газ, Ордабасы ауылындағы ауыз су, Дихан ауылындағы бастауыш мектептің жабылуы және коммуналдық тұрғын үй берудің кезектілігі сынды мәселелермен жүгінді. Ауданның зиялы қауым өкілдері тарапынан ауданның 60 жылдық мерекелік іс-шарасына қатысты ұсыныстар айтылды.
Қабылдау барысында аудан басшысы әрбір тұрғынның жеке мәселесін тыңдап, бірқатарына заңға сәйкес жауап берсе, бірқатар мәселені шешу үшін тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ әр мәселені жеке бақылауға алатындығын атап өтті. Айта кету керек, бұл аудан әкімінің алғашқы қоғамдық қабылдауы емес. Бұған дейін де мәселемен жүгінген көптеген азаматтың ұсынысы мен пікірі ескеріліп, тиісті шаралар қолға алынған болатын. Демек бұқараның базынасы болашақта да қараусыз қалмайды.