ОРДАБАСЫДА БІРҚАТАР ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРІП ЖАТЫР

Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында қоғамның сан түрлі саласы қатар дамып келеді. Аймақта ауыл шаруашылығын ілгерілету бойынша кешенді шаралар қолға алынып отыр. Инвесторларға жайлы жағдай жасау да жоспар бойынша жүзеге асуда. Бұл ғана емес, әлеуметтік нысандар да бой көтеріп жатыр. Осы орайда, жуырда Ордабасы ауданына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жұмыс сапарымен келген болатын. Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары аудан әкімі Азат Оралбаевпен бірге біратар әлеуметтік нысандарды аралап, жай-күйімен танысып шықты.

Жалпы Ордабасы ауданында 20 шақты мәдениет ошағы халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде аудандық мәдениет үйінен бөлек, клуб мекемелері мен ауылдық мәдениет үйлері бар. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Төрткүл мәдениет үйіне барып, тыныс-тіршілігімен танысты. Онда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына сай ұсыныс беру керегін атап өтті. Мәдениетті қалыптастыруға, көрермен мен оқырман тартуға жағдай жасау қажеттігін ескертті. Үйірме жұмыстарын күшейтуді, гардероб ұйымдастыруды, әжетхана жағын ретке келтіруді тапсырды. Аудан тұрғындарын спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 169 спорт нысаны жұмыс жұмыс істейді. Оған қоса Темірлан ауылынан 250 орындық спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс алаңына барған Ертай Кенжебекұлы нысанды мерзімінде сапалы аяқтауды тапсырды. Спорт нысанында тек ұлдарға ғана емес, қыздарға арналған спорт түрлерін де қолға алу керегін айтты. Соның ішінде көркем гимнастиканы қамтуға тапсырма берді. Салынып жатқан спорт нысандарының арқасында ауданның спорт инфрақұрылымы жақсарып келеді.
Жұмыс сапары аудандық «Жастар ресурстық орталығында» жалғасты. Ордабасы ауданында 14-35 жас аралығында 40 мыңға жуық жас бар. Әкім орынбарасы атқарылып жатқан дүниелерді көзбен көріп, оң бағасын берді. Мемлекеттік бағдарламалар мен жастар саясатын жүзеге асыру барысында жастардың үлесін атап өтті. Сонымен қатар олардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында оларды қызықтыра отырып, түрлі үйірмелерге тарту керектігін жеткізді. Темірланның көшелерін жаяу аралаған облыс әкімінің орынбасары ескерткіштерді сырлап, қайта қалпына келтіруге ұсыныс берді. Содан соң аудандық мәдениет үйіне барды. Мұнда тиісті бөлім мен орталықтандырылған кітапхана, спорт және өнер үйірмелері орналасқан. Зал 300-ден аса көрерменге арналған. Аудан өнерпаздарынан бөлек, «Темірлан» халық театры мен «Ордабасы» фольклорлық ансамблі жұмыс істейді. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жұмыс сапары жаңадан салынып жатқан «Шәмші» аллеясында қорытындыланды. Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне орай қолға алынған құрылысты қыркүйек айында аяқтау көзделуде. Онда сазгердің ескерткіші, сахна мен орындықтар орнатылады. Облыс әкімінің орынбасары ескерткішті орнатпас бұрын, жауапты мемлекеттік органдармен және республикалық комиссиямен тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды. Содан соң мұнда ұлы сазгерге арналған ауқымды іс-шара өткізу барысы талқыланды.