«САЛАУАТТЫ САНА» ӘЛЕУМЕТТІК КЕСЕЛДЕРМЕН КҮРЕСУДІ КӨЗДЕЙДІ

Бүгінде қоғам ғылыми-технологиялық прогрестің пайдасын көріп отыр. Қазіргі таңда көптеген қызметті үйде отырып-ақ алуға болады. Цифрлық жүйені дамыту шаралары жалғасын тауып жатыр. Десе де интернеттің кең қолданысқа енуімен түрлі санаға жат, тәрбиеге қайшы келетін әрекеттер белең алып барады. Жастарды құрдымға сүйреп, құздан құлататын мұндай әрекеттердің қатарына лудомания мен нашақорлық сияқты түйткілдерді жатқызуға болады. Бүгінде қоғам дәл осы екі әлеуметтік кеселдің зардабын тартып отыр. Әсіресе, құмар ойын құрығын кеңге жайып, жұртты өзіне еліктіріп, есін екеу, түсін төртеу етуде. Сондықтан мемлекетіміздегі қоғамдық ұйымдар аталған түйткілдің түйінін ағыту бойынша кешенді шараларды қолға алған. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сауран аудандық Аналар кеңесінің ІІІ тоқсандық отырысы өтті. Аталған кеңес отырысы Майдантал ауылдық округіндегі Әйтеке би атындағы жалпы білім беретін мектебінде ұйымдастырылды. Жиынға Майдантал ауылдық округ әкімі Ж.Досболов, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сауран аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Н.Жұманова және кеңес мүшелері, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сауран аудандық филиал қызметкерлері, аудандық «Қамқорлық» орталығының психолог маманы С.Раметова, ауылдық округ әжелері, аналар кеңесі төрайымдары К.Бексейтова, П.Майдан және ауылдағы жас аналар қатысты. Күн тәртібінде «Салауатты сана» жобасы аясында қоғамның бес кеселімен жүйелі күрес жүргізу, нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу шаралары қаралды.
Отырысты ауылдық округ әкімі Ж.Досболов ашып беріп, аналар, әжелер кеңестерімен әлеуметтік кеселдермен күресу үшін бірлесіп жұмыс атқаруға дайын екендігін жеткізіп, ауылдағы аналарды жеке кәсіппен айналысуға шақырды. Сонымен қатар істеріне сәттілік те тіледі. Жиынды Аналар кеңесінің төрайымы Н.Жұманова жалғастырып, әлеуметтік кеселдермен күресу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді және «Салауатты сана» жобасын таныстырды. Алдағы атқарылатын жоспарларға тоқтала келе, қатысушылардан еркін форматта өз ойларын ортаға салуды сұрады. Келесі кезекті сөз алған психолог маман С.Раметова жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік, нашақорлық, құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ысырапшылдық сияқты кеселдерге тоқталып, жұмыс барысында мұндай мәселелердің ұшырап тұратынын, мазалап жүрген мәселелер болса, көмек беруге дайын екендігін жеткізді. Жиын соңында Сауран аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Н.Жұманова елде татулықты сақтауға, жоғарыда аталған кеселдерге жол бермеуге, бірлесіп жұмыс істеуге шақырып, жиынға қатысушылардың дендеріне саулық, еңбектеріне табыс тіледі.
Қалың оқырманның жадында болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін «Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады» дей келе, тиісті шараларды көруді тапсырған еді. Енді міне жүзеге асып жатқан жұмыстардың баршасы жоғарыда атап өтілген тапсырма негізінде жүзеге асып келеді.