ЖАҢА ІНДЕТ ЖАҺАНДЫ ЖАЙЛАП БАРАДЫ

Жаһан жұртшылығы коронавирустан келген ауыртпалықты әлі де ұмыта қойған жоқ. Қаншама жан жақынынан айырылды. Тіпті, қоғам бұл кеселден толықтай айықты деп те айта алмаймыз. Қазіргі күннің өзінде қауіпті вирус жұқтырғандар туралы ақпарат әлеужеліде тарап жатады. Қош делік, айтпағымыз бұл емес. Жаһанда жаңа індет жайлап барады. Нақтырағы, өткен ғасырда Африка құрлығында пайда болған «маймыл шешегі» бүгінде әлемнің 16 еліне тарап үлгерді. Қазірдің өзінде 250-ге жуық адам жұқтырып үлгерген. Бұл медицина саласы мамандарының алаңдаушылығын тудырып отыр. Бұл індет қалай таралады? Белгілері қандай? Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты тарқата баяндамақпыз.

Бұл аурудың коронавирустан басты айырмашылығы – адамнан адамға ауа арқылы берілмейді. Десе де биылдың мамырында аталған ауру таралуының дәстүрлі ошақтарынан алшақта жатқан елдерде анықтала бастады. Әуелі 7 мамыр күні Ұлыбританияда анықталды. Арада 10 күн өткенде АҚШ, Канада, Аустралия және Еуропаның бірнеше елінде көрініс берді. Маймыл шешегі – сирек кездесетін вирустық зооноздық ауру. Яғни жануардан адамға жұғады. Оны жұқтырғандарда бұрын шешекпен ауырған науқастардағы симптомдарға ұқсас белгілер пайда болады. Өткенге көз жүгіртсек, 1980 жылы шешек жойылғаннан кейін және вариола вакциналарын қолдану тоқтатылғаннан соң маймыл шешегі басқа ортопоксвирустар арасында адамдар үшін ең патогенді орынға шықты. Бүгінгі күнде бұл дерт Африканың тропикалық орманы көп аймақтарында жиі кездеседі. Ауру көп жағдайда қан арқылы, денеден бөлінетін сұйықтықтар, атап айтқанда, тер, қан, түкірікпен және ауру жануардың зақымданған терісі немесе шырышты қабаттары арқылы беріледі. Яғни, науқас адамның түкірігі мен сілекейі екінші адамның ішіне түссе, ауру жұқтырады. Алайда маймыл шешегін жұқтырудың ең басты себебі — ауру жануардың етін жеу. Ауру жұқтырудың жиілігі жағынан екінші орында тыныс алу жолдары арқылы таралуы тұр. Тіпті, науқас қолданған ыдыс-аяғы, киімі, ұстаған заттары мен төсек-орнынан да жұғуы мүмкін. Вирус көбіне иммунитеті төмен адамдар мен балаларға жұғады. Маймыл шешегінің инкубациялық кезеңі әдетте 6 күннен 16 күнге дейін, сирек жағдайда 21 күнге дейін жетуі мүмкін. Ауру жедел әрі кенеттен басталады. Ең алдымен дене температурасы жоғарылайды. Аурудың негізгі белгілеріне дене температурасының жоғарылауы, қалтырау, бас ауруы, әлсіздік пен терінің бөртуі жатады.
20 мамыр күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің өршуін талқылау үшін сарапшылардың төтенше жиналысын шақыруға шешім қабылдады. Кездесуде аурудың таралуына қарсы күрес шаралары, сондай-ақ вакциналау мәселесі талқыланды. Еуропада вирусты ең көп жұқтырғандар Ұлыбританияда тіркелген. Сондықтан вакцинаның маңызы айрықша. Соңғы деректерге сүйенсек, Испания, АҚШ пен Германия маймыл шешегі ауруына қарсы вакцина сатып алуға дайын. Әзірге вирусқа қарсы мақұлданған арнайы екпе жоқ. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің коронавирус инфекциясы сияқты өршіп кетуі мүмкін емес екенін айтады. Бұл ауруды жұқтырған науқастар 3 апта бойы өзін-өзі оқшаулауға мәжбүр. Науқастармен байланыста болған адамдар әлі оқшауланған жоқ, бірақ оларға ауру белгісі байқалғанда дереу хабар беру жөнінде ескертілді. Өз елімізге ойыссақ, Қазақстанда маймыл шешегін жұқтыру оқиғалары тіркелген жоқ. Алайда қазақстандық ғалымдар маймыл шешегіне қарсы вакцина жасауға дайын екенін жеткізді. Олардың айтуынша, маймыл шешегіне қарсы отандық вакцина жасап шығаруға жарты жылдай уақыт кетеді.

С.НҰРАЙ.