«АЗАМАТТАР ТАРАПЫНАН КӨТЕРІЛГЕН ӘРБІР МӘСЕЛЕ ЖІТІ БАҚЫЛАУЫМДА БОЛАДЫ»
Бұқара мен билік арасы жақындай түскен сайын мемлекеттің ішіндегі ынтымақ пен бірлік нығая түседі. Бұл – бұлтартпас шындық. Қалың оқырманның жадында болса, бұл тұжырымды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бір емес бірнеше рет айтқан болатын. Тіпті, Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» деп атап өтті.
Мұның өзі шенділерге тапсырылған жауапты міндет еді. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Газетіміздің бұған дейінгі сандарында шаһар басшысының үшінші мегаполиске қарасты шағынаудандар мен елді мекендерге арнайы ат басын бұрып, бұқараның базынасына құлақ асып жатқанын айтқан едік. Нәтиже де жоқ емес. Бүгінде әлеумет көтерген мәселенің біразы шешімін тапты. Қалалық әкімдікке қарасты басқармаларда да жұмыс қарқыны артқан. Соңғы уақытта қала әкімінің өзі бұқараның бел ортасында жүріп, шеті сетінеген билікке деген сенімді қайта нығайтуға күш салып жатыр. Мәселен, осы аптада үшінші мегаполис басшысы «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалында қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Кездесуге келген көп тұрғын үй, жер қатынастары, кәсіпкерлік және көлік инфрақұрылымы салаларындағы мәселелерді көлденең тастап, түйткілдің түйінін ағытуды сұрады. Сонымен қатар ұтымды ұсыныстар да айтылды. Оның қатарында қаладағы су құбырларының өткізгіштігін арттыру үшін автоматты тазарту станциясын орнату бастамасы бар. Бұдан бөлек, қала әкіміне ерекше балаларға арналған мектеп салу, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жобалары да таныстырылды. Бірнеше сағатқа созылған кездесуде ұзын-саны 120-дан астам азамат қабылданды. Қабылдау барысында жоғарыда біз сөз еткен мәселемен қатар білім беру, әлеуметтік көмек көрсету, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жер телімдерін заңдастыру сияқты түйткілдер де көтерілді. Көмек сұрап келген әрбір азаматтың өтінішіне құлақ асқан шаһар басшысы «Азаматтар тарапынан көтерілген әрбір мәселе жіті бақылауымда болады. Өтініштердің барлығы заң аясында шешімін табады» дей келе орынбасарларына, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына тиісті шешімдерді тез арада қабылдап, түйткілдің түйінін ағыту турасында тапсырма жүктеді.
Айта кетейік, қазіргі таңда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өтінішпен жүгінген азаматтарды әкімдікте қабылдаумен шектеліп отырған жоқ. Керісінше, әрбір шағынаудан мен елді мекенге барып, мәселені өз көзімен көріп, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр. Мұның өзі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының үшінші мегаполисте сәтті жүзеге асып келе жатқанын айғақтайды…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.