ҮШАУЫСЫМДЫ МЕКТЕПТЕР МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

Білім – мемлекеттің болашағын айқындайтын сала. Сәйкесінше, аталған саладағы мәселелер әуелгілерден болып шешімін табуға тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде қолға алынып жатқан шаруалар шаш-етектен. Жүзеге асып жатқан жемісті жұмыстар баршылық. Дегенмен шешімін таппаған түйткілдердің барын жоққа шығара алмасымыз анық.

Біз сөз еткен мәселенің қатарына үшауысымды мектептер кіреді. Өкінішке қарай, бала санының көптігінен бірнеше ауысымда жұмыс істейтін білім ордалары баршылық. Дегенмен түйткілдің түйіні тарқатылып келеді. Мәселен, биыл үш ауысымда білім беретін 92 мектептің мәселесі шешіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтып берді. Ведомство басшысының сөзіне сенсек, елімізде 8 мың мектептің ішінде 106 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Сәйкесінше, «Жайлы мектеп» және басқа да жаңа мектептер құрылысы арқылы биыл 92 мектеп мәселесін шешу жоспары бар. Былтыр дәл осындай 29 мектептің мәселесі шешілген. Ал келесі жылы үшауысымды мектеп мәселесі түбегейлі жойылмақ.
Қош делік, алдымызға қойып отырған міндет – аса ауқымды. Дегенмен шешпесек, түйткілдің маңыздылығы да арта түспек. Сондықтан саладағы мәселені дәл осы жайттан бастау дұрыс-ақ. Министрдің сөзінде қаншалықты тұратынын уақыт көрсетеді…

О.ҚАСЫМ.