«ЕЛ СЕНІМ АРТҚАН ДЕПУТАТ СЕРГЕК БОЛУЫ КЕРЕК»

Мәслихат депутаты – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Бүгінде осы бір құндылықты жіті түсініп, жемісті жұмыс істеп келе жатқан азаматтар баршылық. Әрине, халық қалаулысы сынды құрметті атты абыроймен арқалауға ерік-жігер мен жанашырлық қажет.

Шымкент қаласында осы бір қасиет тұла бойынан табылатын азаматтар аз емес. Солардың бірі – денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосып келе жатқан Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Бақытжан Позилов.
Халық қалаулысы жуырда «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында бекітілген кестеге сәйкес, тұрғындардың жеке мәселесі бойынша қоғамдық қабылдау өткізген болатын. Қабылдауға келгендер қатарында тұрғын үй, жұмыссыздық және әлеуметтік көмек, денсаулық мәселесін айтқандар көп болды. Қабылдау барысында әрбір келген азаматқа түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Цецхладзе Бағдагүл есімді тұрғынға баспана алу үшін кезекте тұру жолдары жіті түсіндіріліп, №2 қалалық ауруханаға жұмысқа қабылданды. Ал Шумения Наргизаға бірреттік әлеуметтік көмек көрсетілетін болды. Жалпы қоғамдық қабылдау барысында айтылған ұсыныс-тілектердің барлығы халық қалаулысы тарапынан назарға алынды. Мәселелерді оңтайлы шешу мақсатында кейбір сұрақтар бойынша депутаттық сауал жолданып, тиісті мекемелермен жұмыстар жасалатыны да мәлім болып отыр.
Жалпы Бақытжан Позилов турасында айтылатын жақсы пікір, жылы лебіздер көп. Қалалық мәслихатқа келгеніне көп бола қоймағанымен, әлеуметтің бел ортасында жүріп, көптеген игі іске ұйытқы болып отырғанын айта кетейік. «Мәслихат депутаты деген — мандаттан бұрын міндет. Оны абыроймен атқаруға тырысамыз. Ел сенім артқан депутат сергек болуы керек» деген ұстанымдағы халық қалаулысының алдағы атқаратын істері толағай деп білеміз. Ендеше елдің алғысын алуды мақсат еткен азаматтың алдағы жұмыстары сәтті, бастамалары жемісті болсын деп тілейміз!

«Уақыт».