ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ ЛУДОМАНИЯНЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ
Бүгінде әлеуметтің желкесіне жүктелген несиенің көлемі көбейіп барады. Бұған құмар ойынға деген тәуелділіктің де себепші болып отырғаны жасырын емес. Өйткені елімізде оңай олжаға кенелгісі келетіндердің саны он мыңдап саналады. Сәйкесінше, жеңіл ақшаға қызығушылар дәл осы әдіске сеніп, барынан айырылып жатыр. Онымен қоймай, банкке берешегі артып барады. Ағайын-туыс пен дос-әріптес алдындағы қарызы тағы бар. Ресми статистикаға сенсек, қазір елімізде 350-мыңға жуық лудоман бар. Бұл тек тіркелгендері, ал бұл тізімге ілікпей-ақ өмірін ойынға тігіп жүргендердің саны қаншама. Бұдан бөлек ажырасқан отбасылардың 40 пайызы лудомания кесірінен екіге кетеді екен, суицидтың 20 пайызы да лудомания үшін орын алады деген дерек бар.
Сондықтан елімізде аталған түйткілмен күресуге айрықша мән беріліп келе жатыр. Мәселен, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Әрине, заңмен шегелеп қойып, босқа отыруға тағы болмайды. Халықтың қаржылық сауатын арттыру қажет. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде, оның ішінде Түркістан қаласында «Қарызсыз қоғам» жобасы сәтті жүзеге асып келе жатыр. Осы орайда, жуырда «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің жетекшілігімен партияның өңірлік филиалының кеңейтілген аппарат мәжілісі өтті. Қызмет көрсеткіштері бойынша бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, алдағы міндеттер межесі белгіленген жиынға партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, бөлім меңгерушілері мен жауапты қызметкерлер, аумақтық партия филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары қатысты.
Партияның өңірдегі жауапты өкілдері бас қосқан жиында «Қарызсыз қоғам» жобасының іске асырылуы, тұрғындардың қаржылық сауатын көтеруге арналған оқу курстарының аудан, қалаларда ұйымдастырылуы мәселесі ерекше қаралды. Жоспардың орындалу көрсеткіштері бойынша хабарлама жасаған партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев жыл басынан бері аталған курстарда 7033 жерлесіміз оқу бағдарламасы шеңберінде білім алғанын жеткізді. Бұл бағыттағы жылдық жоспар 67 пайызға орындалғанын мәлімдеді. Дегенмен Бәйдібек, Ордабасы, Төлеби, Созақ аудандарында және Кентау қаласында «Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы оқу курстарына тұрғындарды қамту бойынша жұмыстарды ширату керектігін ескертті. Күн тәртібіне қойылған мәселе жөнінде хабарлама жасаған «Ұлы дала» қауымдастығының Түркістан облысы бойынша менторы, лектор Жандос Әзімбай, аумақтық партия филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшыларына жобаның тиімділігін көрсететін ақпараттық жұмыстарды белсенді атқаруға шақырды. Жұмысты жүйелеу, орындаушылық тәртіпті күшейту, берілген тапсырмалардың орындалуын қамту, партиялық қызметті тиімді ұйымдастырудың жаңа әдістері мен тәсілдерін енгізу мәселелері бойынша партияның өңірлік филиалы жанынан құрылған зерделеу тобының жетекшісі, партиялық бақылау инспекторы Асқар Еркінбеков хабарлама жасады. Мәжілісте партияның өңірлік филиалында құрылған жұмысшы топ өкілдері аумақтық партия филиалдарының жұмысын саралап, бағалау жүргізгені мәлімделді. Аудандар мен қалаларда партиялық қызмет бағыттары бойынша жүргізілген талдау нәтижелері баяндалып, көрсетілген әдістемелік көмектер туралы мағлұматтар берілді. Ал партия филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Жансерік Жұман облыстың барлық тұрғындарының үлесінде, жастар жалпы халықтың 30 пайызын құрайтынын айта отырып, олардың әлеуетін партия айқындаған міндеттер шеңберіне біріктіру маңызды екенін айтты. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, жастарды жұмыспен қамту, олардың бастамаларына қолдау көрсету, белсенді жастар партия құрылымдары тарапынан түрлі марапаттаулар мен ынталандыруларға ұсынылуы керектігіне назар аударды.
Ашық дереккөздердегі ақпараттарға сенсек, «Қарызсыз қоғам» жобасында өткен жылы 65 мың адам, биыл 49 мың адам білім алды. Бұл — үлкен көрсеткіш. Қатысушылардың жартысына жуығы білікті қаржы және заң мамандарының көмегін алды. Бұл ретте, шоттың бұғатталуынан бастап, қарызды қайта құрылымдау, соттан тыс банкроттық рәсімдеу, коллекторлармен жұмыс секілді 20 бағытта көмек жүргізілді. Сондай-ақ қаржы сарапшылары бизнес-жоспар жазу, отбасылық бюджетті қолға алуды үйретті. Ең бастысы, жоба қатысушыларының санасы түбегейлі өзгергенін көріп отырмыз. Тығырыққа тіреліп, шығар жол жоқ деп ойлаған борышкерлердің қарызы қайта қаралып, үміт сәулесі пайда болды. Бұл ғана емес, «Қарызсыз қоғам» – елдегі барлық ірі банктерді біріктірген алғашқы жоба. Еліміздің барлық ірі банктері – Freedom Bank, Банк Центр Кредит, Halyk Bank, Altyn Bank, Bereke Bank, Еуразиялық банк, Forte Bank, Home Credit, Jusan, Nurbank, Bank RBK жобаның серіктесі атанды. Президент өз Жолдауында жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырған еді. Әзірге Үкімет 2026 жылға дейінгі үш жылға арналған Жол картасын бекітті. Осының негізінде ауқымды жобалар жүзеге асып келе жатыр. Бүгінде қоғамда құрығын кеңге жайып келе жатқан лудомания мәселесінің де артында қаржылық сауат жатыр. Сәйкесінше, жоба аясында танымы кеңейіп, қаржыны жұмсау тетіктерін үйренген азаматтар бұл тығырықтан шығудың да жолын меңгеруде.