ҮЗДІК МАМАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ
Елімізде логистика саласын дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Қазақстан батыс пен шығыстың, оңтүстік пен солтүстіктің түйіскен тұсында орналасқан. Сондықтан соңғы жылдары еліміздегі көлік инфрақұрылымын дамытуға айрықша мән берілді. Бұл салада мыңдаған азамат жұмыс істейді. Сәйкесінше, олардың экономикаға қосқан үлесі орасан. Осы тұста, мемлекет саланың қыр-сырына қанық мамандарды қолдауды бір сәтке болсын ұмытпауы тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкентте қолға алынған бастамалар көп. Тарқатайық…
Үшінші мегаполистің логистикасын дамыту тұрғындар үшін ғана емес, өңір экономикасын өркендету үшін де маңызды. Сондықтан жолаушыларды тасымалдайтын қызметкерлердің еңбегі қашан да елеулі. Жалпы «Көлік қызметкерлері күні» тамыздың бірінші жексенбісінде аталып өтеді. Ресми мәртебеге ие мереке Президент Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының кәсіби мерекелерінің тізбесіне кіреді. Осы орайда, мереке қарсаңында Көрме орталығында қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйымдастыруымен салтанатты іс-шара өтті. Жиынға арнайы қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, ел экономикасына еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Өз сөзінде «Қазіргі таңда қоғамдық көліктердің қызметін жақсарту, жүргізушілердің мәдениетін көтеру мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету басым бағыттар болып саналады. Сондай-ақ жолаушылар көлігін жаңарту ісі жанданып келеді. Өздеріңізге белгілі, 2020 жылы қалалық мәслихатпен жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітілді. Схемаға сәйкес, 77 маршрутты құрайтын жаңа маршруттық желісі әзірленді. Маршруттық желімен 6 ХАБ, 33 жеткізуші, 39 магистралды және 6 айналма маршруты қаралған» деді Айдын Мейрамбекұлы.
Шарада Көлік министрі Марат Қарабаевтың құттықтау хаты оқылып, бірнеше марапаттар арнайы табысталды. Бір топ тәжірибелі маман «Құрметті автокөлікші» төсбелгісімен, «Үздік автокөлікші» төсбелгісімен, Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды. Бірқатары қала әкімі мен басқарма басшысының да Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл бағыттағы қыруар жұмыстардың нәтижесінде соңғы жылдары мегаполисте бірнеше қоғамдық көлік бағыттары жаңартылуда. Маршруттар толығымен қызмет көрсетуде, шет аймақтарда орналасқан барлық шағынаудандар мен тұрғын алаптарға қоғамдық көліктер қатынайды.