ӨҢІРЛІК ФОРУМ: АУЫЛ ӘКІМДЕРІНЕ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША КЕҢЕС БЕРІЛДІ
Бүгінде елімізде айлығы шайлығына жетпейтін отбасылар көп. Міне, мұндай түйткіл азаматтардың түрлі тәсілмен пайда табуына үндейді. Әрине, қаржылық сауаты барлар қосымша табыс көзін табады. Ал айлық табысын тиімді жұмсай алмайтындар жат қылық, жаман әдетке үйір бола бастайды. Осының салдарынан елімізде лудомания мәселесі өршіп тұр.
Бүгінде біз сөз еткен құмар ойындарымен қаланың тұрғындарымен қатар шалғайда жатқан елді мекендер мен ауылдардың азаматтары да әуес болып келеді. Сондықтан да қаржылық сауат тетіктерін түсіндіріп, тиімді шараларды көрудің маңызы мен міндеті зор. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Түркістан облысында бұған дейін ауыл әкімдеріне арналған семинар-тренинг өткен болатын. Онда азаматтарды лудомания мен қаржыны тиімсіз жұмсаудан сақтандыратын түрлі тәсілдер түсіндірілген. Енді жуырда тағы да маңызы зор жиын өтіп, қаржылық сауат мәселесі қозғалды. Осы орайда, газетіміздің бүгінгі санында ұйымдастырылған шара турасында тарқата баяндамақпыз…
Өткен аптада Түркістан қаласындағы оқушылар сарайында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өңірдегі ауылдық округ әкімдерінің облыстық форумы жұмысын бастады. Форумның ресми бөлігі басталғанға дейін, жиынға қатысушы ауыл әкімдеріне партияның әкімдер корпусымен ынтымақтаса атқаратын жұмыс бағыттары бойынша семинар болып өтті. Семинарда «AMANAT» партиясының беделіне айналған, сайлаушылардың кең қолдауына ие болған «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларын іске асыруда ауыл әкімдері тарапынан жиі қойылатын сауалдар талқыланып, аталған бағдарламаларды нақтылы жүзеге асырудың тетіктері мен талаптары түсіндірілді. «Ауыл аманаты» бағдарламасының шеңберінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құруда егін, мал, құс және балық шаруашылықтарының қызметін жолға қою, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің техникалық паркін жаңарту міндеттері бойынша Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасарв Әлібек Плалов ауыл әкімдері қойған сауалдарға жауап берді. «Жер аманаты» бойынша жайылымдық жерлерді ортақ игілікке қайтару мәселелері жөнінде Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген мағлұмат берді. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында тұрғындардың қаржылық сауатын көтеруге арналған оқу курстарын өткізу мәселесіндегі түйткілді сауалдарға «Ұлы дала» қауымдастығының Түркістан облысы бойынша менторы, лектор Жандос Әзімбай жауап берді. Талқыланған тақырыптың мәнін ашуда қаржылық сарапшылар әзірленген бейнеролик көрсетіліп, қоғамдағы өзекті мәселенің түпкі мәні ашылды.
Форум жұмысының ресми бөлігіне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев, облыстағы құқық қорғау органдарының басшылық құрамы, аумақтық партия филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары, 172 ауылдық округ әкімдері, партияның жауапты қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Форум мәжілісін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев ашып, жүргізді. Мемлекет басшысы «Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап, бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды» деп атап көрсеткенін айтқан партияның өңірлік филиалының төрағасы «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде, жаңа Қазақстанның саяси жүйесін жаңартуға, елдің тұтастығын бекемдейтін саяси үрдістердің барынша ашық болуына үлесін қосып жатқанын жеткізді. Осы орайда, Парламент Мәжілісінің спикері, партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов ауыл әкімдерінің сайлауы, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесін қорғауға бағытталғанын ерекше атап өткенін назарға алды. «Экономикасы ауылшаруашылығына бейімделген, тұрғындарының 80 пайыздан астамы ауылдарда тұратын Түркістан облысы үшін, ауыл әкімдерінің сайлауы – шын мәнінде, ашық саяси бәсекелестікті білдіретін, қоғамның саяси белсенділігін арттыратын, ауыл-аймақтардағы қордаланған мәселелердің шешу жолдарын ұсынып, жергілікті сайлаушыларға таңдау еркін беретін, стратегиялық мәні айрықша қадам болды. Облыстың барлық аудан, қалаларында филиалдары бар партиямыз, атқарушы билік жауапкершілігінің жоғары болуын қамтуда және партияның басымдықтарын іске асыруда, ауыл әкімдерінің сайлауына өз кандидаттарын ұсынып, халықтың қолдауына ие болған бүгінгі таңдағы ең ықпалды саяси күш болып отыр» деп атап көрсетті партияның өңірлік филиалының төрағасы.
Форумның ашылуында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ауыл әкімдеріне тұрғындар тарапынан зор сенім артылғанын жеткізді. Облыс бойынша 181 ауылдық округ әкімдерінің 174-і сайлау нәтижесімен лауазымдарына тағайындалғанын атап өтті. Өңір көлемінде ауылдық аймақтарда іске асып жатқан жобалар жөнінде кеңінен тоқталды. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 2023 жылы 166 елді мекенде 382 жобаны іске асыруға 31,3 млрд теңге бағытталғанын мәлімдеді. Осы жоба бойынша биылғы жылы 211 жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынып, 28,1 млрд теңге бағытталғанын жеткізді. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы мен «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалуы жөнінде кең көлемді ақпарат берді. Ауыл әкімдеріне күн тәртібіндегі өзекті деген мәселелер бойынша әдістемелік көмек көрсетуді мақсат тұтқан жиын барысында, ауыл әкімдерінің корпусы мен облыстық деңгейдегі құқық органдары арасында өзара ықпалдастық байланыстарды орнату міндеті де көзделді. Партия ашып берген алаңда Түркістан облысындағы құқық органдарының басшылары өздері жетекшілік ететін салалар бойынша ауыл әкімдерімен бірлесе атқарылуы тиіс жұмыстарды баяндады, өзара ықпалдастықты арттырудың тиімді тетіктерін талқылады.
Маңызды практикалық мәні айшықталған жиында Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саян Келдібеков хабарлама жасап, жергілікті атқарушы органдар тарапынан заңдылықтың сақталуы, азаматтар өтініштерін қарау, қоғамдағы өзекті мәселелерді оңтайлы шешуде заңда белгіленген тәртіпте қажетті шаралар қабылдау мәселелерінде назар аударылуы тиіс талаптарға тоқталды. Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов қоғам тұрақтылығын сақтау мен қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алуда ауыл әкімдерімен бірлесе атқарылуы тиіс жұмыстарды баяндады, полиция құрылымдарымен өзара байланыстарды арттырудың мүмкіндіктерін тізіп берді. Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Арынбаев пен ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев қоғамдық қатынастарда сыбайлас жемқорлықпен байланысты тәуекелдерді төмендету, қоғамда осы келеңсіз көрініспен ымырасыз күрес жүргізу, нағыз құқықтық қоғам құру міндеттеріне тоқталды. Мемлекеттік сатып алу процедураларының ашықтығын қамтамасыз ету, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысушылар мен мемлекеттік орган басшыларының жауапкершілігін күшету мәселелері кеңінен баяндалды.
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Мейрамбек Көкенов салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша ауыл әкімдерімен бірлескен іс-қимыл жүргізу бағытында қабылданған шешімдер жөнінде баяндады. Форум жұмысының соңында мәжілістің қорытынды құжаты қабылданып, партия мен ауыл әкімдерінің корпусы арасында өзара тиімді жұмыс жүргізуді жалғастыруда бірқатар міндеттер белгіленді. Жиынға қатысушы әкімдердің атынан сөз алған Отырар ауданы, Балтакөл ауылдық округінің әкімі Сейтхан Ателов ауыл әкімдерінің жұмысына қажетті көптеген пайдалы ақпараттар алуға мүмкіндік берген «AMANAT» партиясына алғыс айтты. Партиямен терең ықпалдастықта жұмыс жүргізіп, партия айқындаған құндылықтарды табысты іске асыруда белсенділігімен танылған 48 ауыл әкіміне Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев пен партияның өңірлік филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Алғыс хаттар табыстап, жемісті еңбектеріне ризашылықтарын білдірді. Жалпы азаматтардың қаржылық сауатын арттыру арқылы түрлі қаржылық қиындықтан туындайтын лудомания, құмар ойын сынды мәселелердің алдын алу бойынша елімізде «Қарызсыз қоғам» жобасы ауқымды түрде жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін Мәжіліс Спикері, «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов «Өздеріңіз білетіндей, партия «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру жөнінде тың бастама көтерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қолдап, оның ауқымын жалпыхалықтық деңгейге шығаруды тапсырды. Бұл жұмысқа Үкімет пен Ұлттық банк қосылды. «Қарызсыз қоғам» жобасы қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетеді. Жоба қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретеді. Барлық аймақтағы азаматтар бұл жобаға қолдау білдіріп, оны жалғастыруды сұрап отыр» деп атап өткен болатын. Бүгінде аталған бастама аясында жүзеге асып жатқан жұмыстар көп. 2024 жылы еліміздің барлық өңірінде 200 мың адам қаражатқа жауапкершілікпен қарап, табысты арттырудың әдіс-тәсілін үйренеді. Бұған қоса, мектеп, колледж және жоғары оқу орнына арналған оқу құралдары әзірленеді. Бұл қадам 100 мыңға жуық студент пен 450 мың жоғары сынып оқушыларының сауатын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, жоба аясында 750 мың адам қамтылады. «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын үнемі жетілдіріп келеді. Жобаға қатысушылардың 75 пайызы – әйелдер. Оның жартысынан көбісі – көпбалалы аналар. Партия оларға жағдайды жақсартудың жаңа құралын ұсынды. Атап айтқанда, оқудан өткен әйелдер жеке кәсібін бастау үшін қайтарымды грант пен лизингке құрал-жабдық сатып ала алады. Бастама аясында жыл соңына дейін 3500 әйелді қамту жоспарлануда. Оқу курсының қатысушыларына ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқуға жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.
Айта кетейік, соңғы уақытта лудомания қоғам үшін өзекті мәселеге айналды. Мұның түп-тамыры да қаржыны тиімді басқара алмауға келіп тіреледі. Жалпы лудомания – ессіз деңгейде ойынға деген тәуелділік. Бұл түйткіл адам психологиясына ауқымды зардаптарын тигізеді. Нәтижесінде құмар ойынға тәуелді болған азамат тұлға ретінде дамуын тоқтатады. Айналасымен байланысы нашарлайды. Туған-туыс, дос пен әріптестен ақша сұрап, ақыр аяғында баршасының сенімінен шығады. Осындайда несиеге жүгінеді. Қолда барын бәске тіккендер уақыт өте келе жұмысынан айырылып, қаржыны қайтара алмайтын деңгейге жетеді. Міне, осындай тығырыққа тірелген сәттерде алаяқтықпен ақша жымқырып, қылмысқа барып жататындар да жоқ емес. Сондықтан лудомания халықаралық деңгейде аурулардың қатарына қосылды. Сарапшылардың пікірінше, қазір елімізде 350 мыңнан астам азамат құмар ойын ойнайды. 2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы құмар ойындар мен бәс тігу 40 есе көбейді деген дерек бар. Ол ол ма, букмекерлік кеңселердің бір жылдық айналымы 1 триллион теңге, лудомания дертіне шалдыққан 174 отандасымыз 36 миллиард теңгеге бәс тіккен деген ақпарат тағы тіркелген. Құмар ойынның құрығына түсіп, құтылар жол таппай құзға құлағандар қазір қылмыс әлемінің табалдырығын таптап жүр. Мәселен, өткен жылы 157 мыңнан астам қылмыс жасалса, соның 20 пайызы құмар ойынға құныққандардың мойнында екен. Суицид жасаған 3 676 адамның әр бесіншісі лудомания дертіне шалдыққан. Құмар ойын бір адамның өмірін талқан етумен тоқтамайды, оған дәлел – елімізде ажырасқан 10 отбасының жетеуіндегі жанжал лудомания дертіне шалдыққандардың шатағынан шыққан. Бұл ғана емес, соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарынан жарияланып жүрген ауыр қылмыстардың да лудоманияға қатысы бары анықталып жатыр. Мұның өзі біз сөз еткен мәселенің өзекті екенін аңғартады.
Қорыта айтқанда, елімізде, оның ішінде Түркістан облысында халықтың қаржылық сауатын арттыру арқылы түрлі әлеуметтік кеселдердің кең тарауына тосқауыл қойылып отыр. Жыл басынан бері күллі күнгейдегі көптеген білім нысандарында ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізілді. Осының арқасында мыңдаған мектеп оқушысы мен жасқа, қала берді өңір тұрғындарына құнды кеңестер берілді. Бұл ғана емес, «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша қаржы сарапшылары да жүздеген тұрғынға бағыт-бағдар көрсетті. Осының арқасында тапқан табысын тиімді жұмсауды үйренген азаматтардың қатары қалың. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіп ашып, нәсібін көріп жатқандарың да саны артып келе жатыр. Мұның өзі мемлекет тарапынан қолға алынған бастамалардың тиімді нәтиже беріп жатқанын айғақтайды.