«ЖАСТАРҒА БАҒЫТ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Бүгінде Түркістан облысына қарасты аудандарда жастардың жан-жақты болуына барлық жағдайлар жасалып келе жатыр. Ол қажет ресурс жеткілікті. Қала берді, өскелең ұрпақтың өзекті мәселелерін шешу бойынша бірқатар жастар орталықтары белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап қалмақ емес. Осы орайда, бүгінгі материалымызда біз сөз еткен салада атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталуды жөн санап отырмыз…

Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы халқының 32,3 пайызын жастар құрайды. Бүгінгі күнге дейін ауданда көптеген іс-шаралар өткізілсе, оған жастардың белсене атсалысып жүргенін айтуға болады. Жуырда аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Әділхан Төлегеновтің бастамасымен жастар саясатының жұмысын жандандыру мақсатында «Жастарға бағыт» жобасы жүзеге асты. Аталмыш жоба аясында аудандық Жастар ресурстық орталығының және Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары, аудандық Полиция, Төтенше жағдайлар басқармасы мен Мансап орталығының мамандары бірлесе отырып, ауқымды жұмыстар атқаруда.
Жаңа жоба аудан аумағындағы жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, оларды қоғамдық ортаға тарту, құқықтық жауапкершілігін қадағалау, төтенше жағдайлар бойынша қауіпсіздік қағидаларын түсіндіру, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту, NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізуге және кәсіпкерлік әлеуеттерін дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау, сондай-ақ, әрбір ауылдық округте сенбілік тазалық шараларына қатысу тәрізді түрлі бағыттағы жұмыстарды қамтып келеді. Айта кетейік, аталған бағыттар бойынша ауданға қарасты 11 ауылдық округ елді мекен тұрғындарымен кездесу өткізу жоспарланған. Бұл, өз кезегінде, бекітілген кесте бойынша алдағы уақытта тұрақты түрде жалғасын табады.