ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ ТАРИХИ ҚАЛАДА КЕҢІНЕН ҚОЛДАУ ТАУЫП КЕЛЕДІ

Қоршаған ортаға құрметпен қарап, таза ұстау – әрбір азаматтың міндеті. Бұл бағытта елімізде қолға алынып жатқан шаралар шаш-етектен. Бұдан біршама уақыт бұрын республика көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алған еді. Оған қоғамның барлық мүшелері атсалысып, айналаны тазалап, ауқымды акцияның танымал бола түсуіне атсалысқанын жақсы білеміз.

Тіпті, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сенбілікке қатысып, «Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады» деп атап өткен болатын. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласының тұрғындары республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене атсалысып келеді. Жуырда кезекті рет облыс орталығында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Оған қаланың жанашыр тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтар қатысты.
Сенбілік іс-шарасы барысында қала аумағындағы 11 көшеде тазалық жұмыстары жүргізілді. Жолдардың бойы мен арық-атыздар қоқыстан тазаланып, шөптер орылып, ағаштар ретке келтірілді. Бұл жұмыстарға 800-ден астам адам қатысып, 22 техника жұмылдырылды. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Қазыбек би көшесінің, Кентау және Қызылорда тас жолы бойын аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Жаңа қала аумағында пайда болған қоқыс алаңдарының тазалануын да қадағалады. Тазалық жұмыстарына ақсақалдар алқасы мен билер қауымдастығы да өз үлесін қосты. Ардагер ақсақалдар Т.Баялиев көшесінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, көпке үлгі көрсетті. Облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов рухани астанада «Таза Қазақстан» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, аға буынның бұл игі істен алдағы уақытта да тыс қалмайтынын атап өтті.