ТҮРКІСТАНДЫҚ СПОРТШЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДОДАДА КҮМІС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНДІ
Спорт саласының ел имиджін оң жағынан танытудағы маңызы мен міндеті зор. Сондықтан да елімізде аталған саланы дамыту мақсатында қыруар іс атқарылып жатыр. Оның ішінде Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстар шаш-етектен. Соңғы жылдары тарихи қалада бірнеше ірі спорт нысандары бой көтерді. Материалдық база жақсарды. Осының арқасында түркістандық спортшылар биіктерді бағындырып, қаланың мерейін үстем етіп келеді.
Мәселен, жуырда ғана өткен VIII «Азия балалары» халықаралық ойындарында түркістандық Құдірет Ерімбетов өзгелерден оза шауып, күміс жүлдені қанжығалады. Осы орайда, бәсі биік бәсекеде Түркістанның мерейін үстем еткен спортшыны қала тұрғындары құрмет-қошеметпен қарсы алды. Түркістан темір жол вокзалында жүлдегерді қарсы алуға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы мен қалалық мәслихат депутаты Жандос Арыстанов қатысып, спортшыны жеңісімен құттықтады. Ресей Федерациясының Якутск қаласында өткен дүбірлі жарыста түркістандық балуан 38 келі салмақта бақ сынап, күміс медальға ие болды. Жарыста чемпиондар мектебінің спортшысы Тәжікстан, Беларусь, Ресей, Әзірбайжан елдерінің спортшыларын жеңіп, финалдық белдесуде өзбекстандық қарсыласқа ғана есе жіберді. Жеке бапкері — Асхат Орынбасаров.
Жас спортшы Құдырет Ерімбетов бұған дейін облыстың жеңімпазы, Қазақстан Республикасының 2 дүркін және халықаралық турнирлердің жүлдегері атанып үлгерген. Спортшы 10 жасынан бастап грек-рим күресімен айналысып келеді. Бүгінде ол – Әбдісалан Нұрмаханов атындағы ОРМБЖСМ-ның жас спортшысы. Сонымен қатар облыс орталығындағы Жұмабек Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясының 9-сыныбында білім алады.