ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ – БАСТЫ БАҚЫЛАУДА

Түркістан бүгінде туристер жиі келетін еліміздегі жетекші қалалардың қатарына қосылып үлгерген. Жыл сайын мыңдаған саяхатшы бұл қаланың тарихи нысандарын тамашалап, күн сайын көркейіп келе жатқанына куә болуда. Жасыратыны жоқ, бүгінгідей бәсеке заманында туристер кез келген шаһардың тазалығына да айрықша назар аударады. Бұл тұрғыдан келгенде, тарихи қалада атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

Облыс орталығында көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстары кестеге сай жүргізіліп келеді. Қала аумағында орналасқан базарлардың тазалығы да тұрақты бақылауға алынған. Бұл жұмыстарға жауапты мекеме және жауапты қызметкерлер бекітіліп, екі ауысыммен жұмыс жасап жатыр. Бірінші ауысымға 2 арнайы техника жұмылдырылып, 15 қызметкер тартылған. Ал екінші ауысымда 3 арнайы техника және 8 адам тазалық жұмыстарын атқаруда. Түркістан қаласында орналасқан сауда орындарының иелерінің ұйымдастыруымен әр аптаның дүйсенбі күні әктеу, сырлау және тиесілі аумақты тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, базарлардың аумағында қосымша 71 қоқыс жәшігі орнатылды.
Адам көп шоғырланатын сауда орындарының айналасын күл-қоқыстан таза ұстау және санитарлық нормаларды сақтау бойынша базар басшылығына арнайы хаттар жолданды. Айта кетейік, түркістандық тұрғындар, кәсіпкерлер мен сала өкілдері өз аймақтарында тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізіп тұрады. Сондай-ақ әр салаға тазалық күні бекітілген.