ӨНЕГЕ ТОЛЫ ӨМІР ИЕЛЕРІ

Сайлау Мұстафаұлы 1952 жылы ОҚО, Киров ауданы, Қызылқұм совхозында дүниеге келген. Еңбек жолын ерте бастап, мектеп бітірісімен «мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл көсір» деп, әке жолын қуып, 1969 жылдан бастап әке таяғын қолға алды. Еңбек жолын жаңа құрылған «Ильич» совхозынан бастап, 1975 жылы ашылған Киров ауданы, «Қоғалы» қой совхозында жалғастырды.
1974 жылы наурыз айында Қорбақова Болсын жеңгемізбен щаңырақ көтеріп 7 ұл, 3 қызды дүниеге әкелді. 45 немеренің және 7 шөберенің ата- әжесі. Сайлау ағамыз бен Болсын жеңгеміз қоғамдық қой шаруашылығын дамытуға үлкен үлес қосты. Өнегелі, үлгілі, еңбекқор жанұя биік белестерді бағындырды.
«Қоғалы» қой совхозының құрмет тақтасына суреттері ілінді. Бірнеше құрмет грамоталарымен, мақтау қағазы және алғыс хаттармен марапатталды. Артынан ерген Әдәз інісі екеуі 1981 жылы жоғары көрсеткіштерге жетіп, 100 қойға 120-дан төл алып, ОҚО бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың қолынан «Нива» автокөлігінің кілтін алды. Облыс, аудан, совхоздың үздік аға шопаны атанып, 1984 жылы Москва қаласына «Совет Одағының жетістіктері» көрмесіне жолдама беріліп, осы көрменің еңбектегі жетістіктері үшін М.С.Горбачев қол қойған медальмен марапатталды.
Қоғамдық қой шаруашылығында 40 жылдан астам қызмет етіп, шоферлікті де меңгере алған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Шымкент қаласына қоныс аударып, ұл- қыздарына, немере-шөберелеріне ақылшы ата-әже болып отыр.
2021 жылдың күзінде Алла бұйыртып «Мекке-Мәдинеге» бес парыздың бірі деп қажылық сапарына барып қайтты. Болсын жеңге — «Батыр Ана». Ардақты, келбетті, қасиетті, аузы дуалы, сөзі уәлі, «Қажы апа» жетім жесірге қол ұшын беріп, алтын алақанымен бәрін жетілдірді. Сәрсенкүл анамыз 1982 жылы өмірден өткен соң, бәрімізді ағам екеуі қамқорлығына алып, үйлендіріп, қызды ұзатты. Өздерінің де ұл-қыздарын аяқтандырып бір-бір отау етіп шығарды. Шапағатын шашып, гүлдей жайнап, шөпшек сүюді нәсіп етсін. Сайлау ағамызбен жасап отырған 50 жылдық Алтын тойларыңыз құтты болсын! Ағамыз бен жеңгемізге Алла ұзақ өмір беріп, перзенттерінің, немере-шөберелерінің қызығына тоймай, 100 жасаңыздар демекпіз!

Манап МҰСТАФАҰЛЫ.