ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 230 МЫҢНАН АСА АДАМ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

Бүгінгідей жауапты кезеңде халықты жұмыспен қамту шараларының белсенді түрде қолға алынуы аса қажет. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде бірқатар бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келеді. Қазіргі уақытта екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарға арналған түрлі бағдарламалар бар. Нәтиже де жаман емес. Мәселен, 1 шілдедегі жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 315,2 мың қазақстандық қатысты. 230,8 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 97,8 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, субсидияланатын жұмыс орындарына 132,9 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 12,5 мың адам, жастар практикасында 9,6 мың адам, қоғамдық жұмыстарда 90 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 5,1 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 175 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 15,6 мың адам жұмыспен қамтылды. Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 36,1 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 32,7 мыңы оқуды аяқтады.
Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 38,6 мың адам қамтылды, оның ішінде 24,2 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды. Қызмет саласын таңдау мақсатында 110,2 мың адам әлеуметтік-кәсіптік бағдарлаудан өтті. Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК немесе 1 476 800 теңге мөлшерінде 9 мыңнан астам грант және жастарға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздық, сомасы 5 млн теңгеге дейінгі 5 796 жеңілдетілген микрокредит беру көзделген. Жыл басталғалы 4 355 грант берілгенін де айта кеткеніміз жөн.