ТАЯҚТАЙТЫНДАРДЫ ТӘРТІПКЕ ШАҚЫРАТЫН ЗАҢ ҚАТАҢДАДЫ

Соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қоғамда үлкен резонанс туды. Әсіресе, күллі қазақты смартфонға телмірткен сот процесінен кейін мұндай оқиғалар жайындағы ақпарат жиі көрініс беріп жатыр. Жасыратыны жоқ, бұрындары мұндай теріс әрекеттер мен құқықбұзушылықтар жасырын күйінде қалып қоятын. Тіпті, зәбір көрген жандардың туыстары «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген түсінікпен күн кешетін. Басына зақым келіп, бауыры бүлінген немесе денесі көгеріп, аяғы сынған нәзік жандылардың көп екенін лауазымды шенділер енді ғана білсе керек, шұғыл шараларды қолға алды. Арнайы заң жобасы әзірленіп, жіті талқылана бастады.

Осылайша талайдың талқысына түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң ресми күшіне еніп отыр. Қош делік, ендеше өзгерістер мен жаңашылдықтарды санап көрейік. Заңдағы толықтырулар мен өзгерістерді сараласақ, енді әйеліне қол жұмсағандар 295 мың теңге айыппұл арқалайды немесе 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегіледі. Бұдан былай, жарын төмпештеп, денсаулығына зақым келтіретіндерді қатаң жаза күтіп тұр. Яғни денсаулығына жеңіл не ауыр зақым келтірсе, 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл ғана емес, алдағы уақытта қандай да бір істі қозғау үшін қысым көрген немесе саулығына кінәрат келген әйелдің арыз жазуы шарт емес. Істі қозғауға көршілердің немесе өзге де азаматтардың оқиғаға куә болуы немесе бейнематериалдың болуы жеткілікті. Нәтижесінде агрессорлар тергеу изоляторына немесе түрмеге қамалады. Қаулы бойынша тіпті үйінен кетуге тиіс. Баяғыдай ұрып-соғып алып, кейіннен жай ғана кешірім сұрау болмайды.
Заң жобасында әйелдердің құқығымен қатар балалардың қауіпсіздігіне де назар аударылған. Ондағы талаптарды түгендесек, адам денсаулығына тигізген жеңіл зиян 50 тәулікке дейін қамауға немесе 200 АЕК-ге дейінгі көлемде айыппұл төлеуге әкеп соқтырады. Қол көтергендер 25 тәулікке қамалуы, 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе 80 АЕК-ге дейін айыппұл арқалауы мүмкін. Ал егер осындай қылмыс кәмелетке толмаған тұлғаға қатысты аса қатігездікпен жасалса, онда қылмыскер 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның сөзіне сенсек, балаларға қатысты немесе отбасы тұрмысында бұрын-соңды қандай да бір құқық бұзғандар үшін ерекше талаптар енгізілді. Мәселен, оларға сот шешімімен медициналық ұйымдарда психологиялық емдеуден өту міндеттеледі. Ал отбасы мүшелерін қорғау мақсатында сотқа аса қажет болса, олардың бір шаңырақ астында тұруына тыйым салу құқығы беріледі.
Өзгерістер мұнымен шектелмейді. Суицидтің алдын алу шаралары да заңда қамтылған. Мәселен, адамның өз-өзіне қол жұмсауына себепкер болған тұлға үшін 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілік артылады. Сонымен қатар өз-өзіне қол салуды үгіттейтін насихат үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл түріндегі қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Осыған дейін интернатта жататын балалардың жайы жиі сөз болатын. Енді олардың құқығын қорғау мақсатында тиісті органдарға баланың жататын жағдайын кедергісіз тексеруге құқық берілді. Тағы бір жаңашылдық, алғаш рет 16 жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы тиісу үшін (интернет желісін қоса алғанда) қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл әрекет үшін 200 АЕК-ге дейінгі айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару не белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.
Бұдан былай баланы ұрлаған немесе заңсыз бас бостандығынан айырғандарды ауыр жаза күтіп тұр. Бұрын баланы ұрлау фактісі бойынша айыпты деп танылғандар 7 жылдан 12 жылға дейін сотталса, енді бұл жаза 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге ұзартылды. Ал заңсыз бас бостандығынан айыру бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізіліп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Буллинг пен кибербуллинг жасағаны үшін ескерту жасалады немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл әрекет бір жыл ішінде қайталанса, 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Буллинг не кибербуллингті 12 жастан 16 жасқа дейінгі, кәмелетке толмаған бала жасаса, олардың ата-анасына не оларды алмастыратын адамдарға ескерту жасалады. Болмаса 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Қош делік, жаңа заң жобасындағы өзгерістер мен толықтырулардың негізгілері – осылар. Жалпы соңғы уақытта қоғамда аталған заң жобасының мәні мен міндетін бұрмалаушылар көбейіп келеді. Мұны ер азаматтарға қарсы жасалған құжат ретінде көрсетушілер де бар. Әйтсе де біз сөз еткен, тарқата жазған баптарда ойдан алынған немесе жоқтан тізіп, заңға енгізген нормалар жоқ. Иә, әр адамның еркін өмір сүруге, ойын айтуына, пікір білдіруіне ешкім де қарсылық танытпауы тиіс. Дегенмен адамның құқығы деген құндылық өзгенің тыныш өмір сүруіне кедергі болу дегенді білдірмесі анық. Заңның талаптарын түгел сақтайтын азаматқа ойда жоқта айып артып, темір торға тоғытуды ешкім де көздемейді. Керісінше, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау – бірінші мақсат. Сондықтан заңды біле жүрудің маңызы жоғары. Өйткені білмеу немесе естімеу жауапкершіліктен жалтаруға себеп бола алмайды.

Ж.БАЛАУСА.