КӘСІБИ МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ӘРІПТЕСТЕР!

Журналист – қоғамның тамыршысы. Әлеуметтің өзегінде қайнап жатқан өткір мәселені тап басып, терең зерттей білетін, ұлттық мүддені ұлт баспасөзі арқылы терең насихаттайтын, бұқара мен биліктің арасында алтын көпір қызметін атқаратын бірден бір мамандық болса, ол – бұқаралық ақпарат қызметкерлері.

Биыл кәсіби мереке қарсаңында өңіріміздегі, қала берді еліміздегі ақпарат саласында ауқымды қызмет атқарып, талай тындырымды ісімен, еткен еңбегімен елдің құрметіне бөленген әріптес ағаларымыз абырой биігінен көрініп, марапат иесі атанды. Осындай мүмкіндікті пайдалана отырып, мерейі тасып, аты озған журналистер қауымын марапаттарымен құттықтаймын! Елдің назарында жүретін өміршең материалдарды әрі қарай да белсенді түрде жазып, көптің қошеметіне ие бола берсін деп тілеймін!
Жалпы журналистік қызметтің жүгі ауыр, жауапкершілігі ауқымды. Бұл мамандық қаламның қуатымен күллі қоғамның өзекті мәселесін шеше алатынымен, қара бастың қамынан көптің мүддесін артық қоя білуімен, тәтті өтіріктен ащы ақиқатты биік санайтынымен абыройлы һәм беделді деп білемін! Шындықтың шырақшысы болған Шер-ағаң «журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп бір ауыз сөзбен күллі мамандықтың міндетін суреттей салған. Осыдан артық айта алмасымыз анық. Ендеше барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін! Ақиқаттың алдаспанына айналған қаламдарыңыздың қуаты кемімесін, құрметті әріптестер!

Талғат БАЛТАБАЕВ,
«Уақыт» республикалық
қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы.