ЕЛІМІЗДЕ 5,4 МЛН-НАН АСА АВТОКӨЛІК БАР

әйткенмен оның жартысына жуығы әбден ескірген

Соңғы жылдары елімізге келетін ескі көліктердің ағыны артты. Жаңа көлікті халықтың қалтасы көтере бермейді. Баға шарықтап тұр. Ал несиеге алу былайғы жұрт үшін аса тиімді емес. Сондықтан өзге елден келетін ескі көлікті сатып алуға мәжбүрміз. Жауапты министрлік бұған дейін пайдаланылғанына он немесе жиырма жылдан асқан көліктердің көбейіп келе жатқанын айтып, дабыл қаққақ еді. Әрине, оның қоршаған ортаға да, жүргізушінің қауіпсіздігіне де келтірер кедергісі орасан. Жалпы елімізде қанша көлік бар? Ескі көліктердің көрсеткіші қандай? Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының саны 5 миллион 442,9 мың болды. Бұл деректі Ұлттық статистика бюросы таратты. Оның 88 пайызын жеңіл автомобильдер құрайды. 9,9 пайызы жүк көліктерінің, 2,1 пайызы автобустардың еншісіне тиесілі. Былтыр елімізде барлығы 1 миллион 191,3 мың тіркеу жүргізілген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге көп. Ал биылдың сәуір айында есепке 157,9 мың автокөлік қойылды. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9 пайызға кем. Оның ішінде жеңіл автомобильдерді тіркеу 8,6 пайызға, жүк көліктерін тіркеу 2,9 пайызға кеміген. Ал автобустардың тіркелу көрсеткіші керісінше, 15,3 пайызға артып отыр.
Ал енді көліктердің шыққан жылына ойысайық. Ресми мәліметке сүйенсек, шығарылғанына 20 жылдан асқан көліктер жалпы көрсеткіштің 44,8 пайызын құрайды. 10-20 жыл аралығындағы көліктердің үлесі 23,6 пайыз шамасында. Құрастырылғанына 7-ден 10 жылға дейінгі аралықтағы автомобильдер жалпы көрсеткіштің 12,7 пайызын құраса, 3 жылдан 7 жылға дейінгілерінің көрсеткіші – 12,7 пайыз. Ал жаңа, нақтырағы, шығарылғанына 3 жылдан аспаған көліктердің үлесі 6,2 пайызды құрап отыр. Демек Қазақстанда қаңтарылған ескі көліктердің үлесі әлдеқайда көп. Отандық өндірісті дамыту бойынша қыруар істің атқарылып жатқанын жиі естиміз. Әйткенмен оның өзі жалпы елдегі көрсеткіштің оңалуына ауқымды түрде әсер ете алмай келе жатқан тәрізді…

С.НҰРАЙ.