АССАМБЛЕЯ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕМЕН КҮРЕСКЕ ҮЛЕС ҚОСЫП КЕЛЕДІ
Жастар – еліміздің ертеңі. Бүгінгі өскелең ұрпақтың бағыт-бағдары мен қызығушылықтары ертеңгі елдің даму бағдарын айқындайды. Сондықтан да жастардың жан-жақты болуы үшін қыруар іс атқарылып келеді. Мәселен, еліміздің әрбір өңірінде жастар орталықтары жұмыс істеп келеді. Бұл орталықтар бүгінгі жас буынның мемлекеттік қолдау арқылы кәсіп ашуына, жұмысқа орналасуына, өз қабілетін ұштауға мүмкіндік береді. Десе де өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілетті болып есеюі үшін бұлардың аз екені белгілі. Себебі қазіргі уақытта адамзат баласын шыңырауға тартып, құздан құлататын түрлі кеселді дүниелер бар. Оның қатарына шылым шегу, ащы суға әуестік, нашақорлық сынды түйткілдерді жатқызуға болады. Сонымен қатар соңғы уақытта күн тәртібінен түспей тұрған құмар ойын немесе лудомания түйткілі тағы бар. Мұның зардабы алғашқыларына қарағанда әлдеқайда ауыр десек, артық айтқанымыз емес.
Жасыратыны жоқ, бүгінде құмар ойынның зардабын білмегендіктен, тәуелділікке ұрынып жатқандардың қатары қалың. Жалпы сарапшылар, мұндай кеселді дүниемен күресудің екі жолы барын алға тартады. Бірі – кеңінен ақпарат беріп, бос уақытты тиімді ұйымдастыруға атсалысу. Екіншісі – лудоманияның құрығына түскендермен кешенді психологиялық жұмыс жүргізу. Осы орайда, алғашқы тәсіл бойынша Түркістан облысында жыл басынан бері ақпараттық-насихат жұмыстары қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Күні бүгінге дейін аудандар мен қалаларда орналасқан білім ордаларында көптеген кездесу өтті. Оған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, психологтар, діни қызметкерлер, ауыл ақсақалдары, ауыл билері қатысып, құнды кеңестер берді. Дегенмен жуырда жазғы демалыстың басталғаны белгілі. Осы орайда, мектептерде оқып жатқан мыңдаған оқушы мен жоғары оқу орнындағы жүздеген жастардарың туған ауылына қайтып, жазғы демалысты өткізетіні белгілі. Сондықтан да уақытты тиімді өткізу мен кеселді дүниелерден аулақ болуға шақыратын іс-шаралардың маңызы айрықша. Бұл тұрғыдан келгенде, қолға алынып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, апта басында Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарасу ауылында өңірдегі этнос жастары арасында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» спорт сайыстары өтті.
Этнос өкілдерінің достығын, берекелі бірлігін одан әрі нығайтуды көздеген спорт сайыстары облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды. Спорттық додаға аудан, қалалардан жалпы 10 команда қатысты. Атап айтсақ, Сауран, Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Кентау, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш аудандарының этнос жастарынан құралған командалар мен «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облысы өкілдігі мүшелері бақ сынады. Онда жастар спорттың 4 түрінен, атап айтқанда, шағын футбол, қол күресі, арқан тарту, гір тасын көтеруден сайысқа түсті. Спорттық шарада сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл елдегі татулықты көздің қарашығындай сақтау әрі нығайту – мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі екенін атап өте келе, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар өз сөзінде «Спорт тек денсаулық кепілі ғана емес, түрлі этностар арасындағы ынтымақтастықты, достықты нығайтады. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде Ассамблея маңызды рөл атқаратынын айтқан болатын. Бүгінгі жарыстың негізгі мақсаты осы — өңірдегі этнос жастарының Отанға, елге деген құрметін арттыру, этносаралық бірлікті насихаттау және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Спорттық шара жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл қатысушылар саны көп. Жарысқа жастардың көптеп қатысуы олардың спортқа деген қызығушылығы зор екенін көрсетеді. Мұндай жарыстардың ел бірлігін бекемдеуде маңызы жоғары» деді басқарма басшысының орынбасары.
Таң азаннан кешке дейін жалғасқан тартысты бәсекеде қол күрестен сарыағаштық Абдужалил Мұхамедәли қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Ал сайрамдық Бобур Рустамбеков екінші, кентаулық Атабек Хайриев үшінші орынға ие болды. Арқан тарту сайысы жұрттың қиқу салып, қызу қолдау танытқан жарысы болғанын айта кеткен жөн. Бұл сайыста «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігі жеңіс тұғырынан көрінді. Ал екінші орынды Кентау құрамасы, үшінші орынды Сарыағаш құрамасы иеленді. Сондай-ақ гір тасын көтеру сайысында сарыағаштық Бақтыбек Расилов топ жарды. Ол 16 келілік гірді 198 рет көтерді. Бұл сайыста сайрамдық Ербол Тузулбаев 158 рет көтеріп, екінші орынды алды. Ал үшінші орынды 115 рет көтерген саурандық Нышанбай Мамрасулов еншіледі. Ал шағын футбол бәсекесінде «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігі құрамасы мен Төлеби құрамасы финалда кездесті. «Ассамблея жастары» тартысты өткен ойында төлебиліктерді 2:0 есебімен жеңіп, жеңімпаз атанды. Жүлделі үшінші орын үшін болған матчта сайрамдықтар сарығаштық қарсыластарынан 4:2 есебімен басымдық танытты. Футбол сайысында төлебилік Саят Жұмаділ «Үздік ойыншы» атанса, «Ассамблея жастарының» қос футболшысы — Ислам Умаров «Үздік шабуылшы» және Гулмурат Хамракулов «Үздік қақпашы» номинациясын иеленді. Сондай-ақ саурандық Элжан Аббазов «Үздік қорғаушы» номинациясына ие болды. Жарыстың қорытындысында «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева жеңімпаздарды арнайы марапаттап, жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табыстады.
Жалпы салауатты өмір салтын кеңінен насихаттаудың жастардың бос уақытын тиімді өткізудегі маңызы айрықша. Өйткені жазғы демалыс кезінде жастар бос уақытты тиімді ұйымдастыра алмаса, интернетке әуес болып келеді. Ал онда жарнамасы жер жарған түрлі кеселді әрекеттерге бастайтын дүниелер аз емес. Сондықтан да Түркістан өңірінде мұндай бастамалар кеңінен қолға алынып жатыр. Жалпы лудомания елімізде күрделі мәселеге айналып отыр. Лудоманияның бүгінде ұлттық мәселе ретінде Ұлттық құрылтайда көтерілуінің өзі қоғамда дендеп бара жатқан дерт екенін білдірсе керек. Ұрпақтың болашағы үшін ел Президентінің алаңдаушылық танытуы да тегін емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде әрбір үшінші отбасының дәл осы лудоманиядан шаңырағы шайқалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 400 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті екенін айтты. Өз сөзінде «Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады» деді Мемлекет басшысы. Сондықтан да Қазақстанда мұндай мәселемен күреске көптеген қоғамдық ұйымдар атсалысып, ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Бүгінде аймақтық филиалдар түрлі кездесулер мен жиындарды үздіксіз өткізіп келеді. Осының арқасында мыңдаған тұрғын мен оқушыға бағыт-бағдар берілді. Лудоманияның зардаптары кеңінен түсіндірілді. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттаған. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасып келеді. Қазақстан бойынша құмар ойынға салынғандардың саны жағынан Алматы, Астана және Қарағанды қалалары үштікте екен. Депутаттар құмар ойынға салынатын қаржы бүгінде құрылыс саласына құйылатын қаражаттан әлдеқашан асып кеткеніне алаңдаушылық танытуда. Соңғы екі жылда құмар ойындар нарығы жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, жылдың бірінші тоқсанында осы саладағы халықтың шығындары 100 млрд теңгеден асқан.
Осы орайда, алдағы уақытта елімізде мемлекеттік және әскери қызметкерлерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салынады. Мәжіліс екінші оқылымда ойын бизнесі, лудоманиямен күресті реттеуге арналған заңға енгізілген түзетулерді қолдады. Бұл тыйым 280 мыңға жуық шенеунікке, әскери және бюджеттік ұйымдардың басшыларына қатысты болады. Мәжіліс депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенат қарауына жіберді. Шектеулерге ойыссақ, құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі белгіленді және ойынға тәуелді адамдарды динамикалық тіркеусіз, яғни дәрігерлік құпияны сақтай отырып, консультативтік бақылау енгізілді, байланыс операторларына құмар ойындардың жарнамасы бар хабарламаларды жіберуіне тыйым салынған, букмекерлік кеңселер мен казиноларды жарнамасы мүмкіндігінше шектеледі. Сонымен қатар, борышкерлердің бірыңғай реестріне енген қазақстандықтар бәс тігіп, казино ойнай алмайды. Бұл шамамен 3,5 миллион адам. Мемлекеттік және әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары бәс тіге алмайды. Бұл — шамамен 280 мың адам. Оларға ешқандай ескерту болмайды. Яғни бәс тіккен жағдайда бірден жұмыстан шығарылады. Қарап отырсақ, лудомания сынды құрығын кеңге жайған мәселемен күрес қарқынды жүріп жатыр. Жаңа заң нормалары көптеген азаматты құмар ойынның құрығынан құтқарары анық. Ал жоғарыда біз сөз еткен салауатты өмір салтын насихаттайтын шаралардың көбеюі құмар ойынның зардабынан хабарсыз жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға септеспек.