ЖИЫНДА ЛУДОМАНИЯ ТАҚЫРЫБЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгінде мемлекеттік қызметшілер арасында лудомания мәселесінің өзекті екені белгілі. Жасыратыны жоқ, қолдағы барын, жиғанының бәрін бәске тігіп, артынан тәуелді болып жатқандардың қатары қалың. Сондықтан да елімізде мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлық һәм құмарпаздық тақырыптары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Газетіміздің бұған дейінгі сандарында өткізілген жиналыстар мен кездесулер турасында тарқата баяндаған едік. Жуырда дәл осы тақырыптарды арқау еткен шара Түркістан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде өтті.
Тарқата баяндасақ, Түркістан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің әдеп жөнідегі уәкілі Закриддин Әлімқұлов кезекті жиналысты өткізді. Күн тәртібінде сыбайлас жемқорлық, әдеп, тұрмыстық зорлық-зомбылық, діни экстремизм және лудомания сынды бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, жиынға қатысушыларға нақты тапсырмалар жүктелді. Жиынға аудандық, қалалық санитариялық-эпидеиологиялық бақылау басқармаларының басшылары «Zoom» платформасы арқылы, сонымен қатар департаменттің бөлім басшылары және қызметшілері қатысты. Жиын барысында лудоманияның қоғамға зардабын тигізіп отырған кеселді әрекет екені кеңінен түсіндірілді. Департаменттің әдеп жөніндегі уәкілі өз сөзінде «Бұл індет халықты ғана емес, билікті де ойландырған ауқымды нәрсе болып отыр. Осы мәселе төңірегінде биыл Ұлттық құрылтайда Ел Президенті Қасым -Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады» деген еді. Яғни, халық пен билік болып күресетін ортақ ұлттың ұлы қасіреті болып отырған лудоманияның алдын алу шараларын тездетіп жасауға тапсырма берді. Президентіміз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылданғанын атап өтіп, үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керектігін де баса айтты. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қойылып, заң жобасы әзірлену қажет және жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеу керектігін де атап өтті. Сондықтан Мәжілісте арнайы заң қаралып, Сенатқа жолданды. Бұл мәселемен күресуді біз де назардан тыс қалдырмауымыз керек» дей келе мәселенің зардаптары турасында баяндап өтті. Сонымен қатар спикер бүгінде өзекті түйткілдерге ұрындырып отырған сыбайлас жемқорлық пен әдеп нормалары, діни экстремизм тақырыптарын да сөз етті.
Жиынға қатысушылар өз кезегінде спикерге сауалдар қойып, тақырып төңірегіндегі пікірлерін алға тартты. Жалпы мұндай жиындардың кеселді әрекетпен күресудегі маңызы айрықша. Ақпараттандыру барынша кеңінен жүргізілсе, нәтиже де тиімді бола бермек.