БАЗАРЛАР ҚАЛА СЫРТЫНА КӨШІРІЛІП ЖАТЫР

Шымкент қаласының тұрғындары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Өз кезегінде, бұл қаладағы жол қозғалысының қиындауына себеп болып отыр. Жасыратыны жоқ, қала ішіндегі базарлар мен өзге де сауда орталықтарының болуы мәселені күрделендіріп жібереді. Әсіресе, құрылыс заттарын сататын базарлардың көбеюі кептелістің жиілеуіне әкелуде. Сондықтан үшінші мегаполисте аталған түйткілдің түйінін ағыту бойынша бірқатар тың шешімдер қабылданып жатыр. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз.

Шымкент қаласына қарасты Абай ауданы аумағында орналасқан құрылыс заттары сатылатын базарларды қала сыртына көшіру жұмыстары басталды. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан қала сыртынан ұсынылған Бадам бағыты бойындағы 75 га жер телімінде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Осыған орай, құм, шағал-тас, өзге де құрылыс заттары сатылатын базарлар көше бастады. Аталған жұмыстар барысымен аудан әкімі Бұхарбай Парманов танысып, тиісті сала мамандарына жұмыстарды уақытылы орындауды тапсырды. Сырым батыр көшесінде орналасқан ағаш базары аумағында 10-нан астам сауда нүктесі бар. 2-3 гектар аумақта 5 кәсіпкер ағаш сатумен айналысады. Сәйкесінше, қазіргі таңда аталған ағаш базарын Бозарық шағынауданында орналасқан 5,3 гектар жер теліміне, жаңа базарға көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұл жұмыстар қала ішіндегі қозғалыс мәселесінің біршама шешілуіне ықпал етері айқын. Өйткені бүгінде құрылыс заттарын сататын базарлардың маңында қаз-қатар қаңтарылған қалың көліктің кептеліс туғызып жатқанын жиі көреміз. Жаңа бастама осы олқылықтың тиімді шешім табуына септеспек.