ЖАҢА ОРТАЛЫҚ ЖҰМЫС САПАСЫН АРТТЫРАДЫ

Елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында медицина саласын дамыту бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Соңғы бірнеше жылда қаладағы медициналық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар көптеген тың тәсілдер тәжірибе жүзінде алғаш рет қолға алынып, нәтижесін беруде. Бұл туралы газетіміздің бұған дейінгі сандарында тарқата жазған едік. Осы орайда, бүгін шаһардағы жаңа орталық туралы тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

Үшінші мегаполиске қарасты Асар шағынауданындағы қалалық балалар клиникалық ауруханасы базасында «Балалар жасындағы ауруларды ықпалдастыра басқару» ресурстық орталығы ашылды. Орталықтың ашылуына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова мен қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты. Орталықта медициналық қызметкерлерді оқыту, сондай-ақ балалармен стационарлық ем алып жатқан ата-аналарға 5 жасқа дейінгі күтім мен тамақтандыру мәселелері бойынша кеңестер беріледі. Орталық оқу-әдістемелік материалдар мен жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Қала әкімінің орынбасары енді мамандардың біліктілігін арттыру, оқыту нәтижесіне талдау жүргізу маңызды екенін атап өтті. Ал аурухананың бас дәрігері Динара Жұмаділова «Бағдарлама балалардың диарея, пневмония, тамақтанудың бұзылуы, анемия, төмен салмақ, тамақ-құлақ проблемалары сынды ең маңызды ауруларын біріктіре, ықпалдастыра отырып емдеу, тез әрекет ету, сондай-ақ балаға қауіпсіз даму орта қалыптастыру, иммундау және күтім жасау нұсқамаларын қамтиды. Балалар жасындағы ауруларды ықпалдастыра басқару өлім, ауру және мүгедектік жағдайларын азайтып, бес жасқа дейінгі балалардың өсуі мен дамуын жақсартуға ықпал етеді. Оқыту нәтижесіне мониторинг жасалады» дейді.