КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІНЕ ЗИЯН ӘДЕТТЕР ТУРАЛЫ ҚҰНДЫ МӘЛІМЕТТЕР БЕРІЛДІ

Бүгінде өскелең ұрпақ арасында өзекті мәселелер жеткілікті. Әсіресе, оңы мен солы толық қалыптаспаған жастар алкоголь, шылым, құмар ойындары сынды теріс әдеттерге бой алдырып, тура жолдан тайқып жатады. Мұның салдары ауыр болмақ. Өйткені теріс әдеттерге бейім жастар саналы түрде әрекет етуден қалады. Бастапқыда артық ақшамен құмар ойын ойнағандар уақыт өте келе тәуелділіктің қақпанына түседі. Барынан айырылады. Кейінірек қарыз алып, несиеге белшеден батып, ойнауды жалғастырады. Қарыз беретін жан қалмағаннан кейін ұсақ бұзақылыққа, алаяқтыққа салынады. Тіпті, ауыр қылмыстарды жасау мүмкіндігі де жоқ емес. Сондықтан да мұнымен күресудің маңызы айрықша. Бұл бағытта қолға алынып жатқан бастамалар да жоқ емес.
Мамандардың пікіріне сүйенсек, құмар ойын сынды өзекті мәселелердің шешілуі үшін екі бағытта жұмыс істеу керек. Біріншісі – ақпараттық-насихат жұмыстары арқылы ойынқұмарлықтың зиянын халыққа, оның ішінде жастарға кеңінен насихаттау. Ал екіншісі – лудоманияға шалдыққандармен кешенді түрде жұмыс жүргізу. Кейінгісі психолог немесе психотерапевт сынды сала мамандарының міндетіне кіреді. Алғашқы тәсілге келсек, еліміздің түкпір-түкпірінде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Газетіміздің бұған дейінгі сандарында бұл бағыттағы жұмыстарды тарқата баяндаған едік. Бұл материалда да өткен маңызды шара турасында тарқатпақпыз. Ашып жазсақ, жуырда Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи колледжінде «Құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында ұлдар жиналысы өткен болатын. Жиналысқа директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Д.Еркебалаев, директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Б.Жақыпбеков, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ш.Надирбаев, ұлдар ұйымының жетекшісі М.Кенжебаев және колледж студенттері қатысты. Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу, жасөспірімдер арасындағы қорлау, мазақтау, намысқа тию жағдайлардың алдын алу, лудомания, вейп, буллинг, кибербуллингтен қорғану. Осы орайда, жиналыста аталған теріс әрекеттердің алдын алу жайы сөз болды. Мамандар тәртіпті бұзбауға шақырып, ұлдар тәрбиесі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Студенттер өз пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын айтты. Жиналыс барысында директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Д.Еркебалаев өскелең жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім орната отырып, бүгін мен болашаққа деген жауапкершілік қалыптастыру қажет екенін түсіндірді. Сонымен қатар жазғы демалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға, түнгі уақытта беймезгіл жүрмеу керектігі жайында айтып өтті. Сонымен қатар «Бүгінгі Қазақстанның тәуелсіздігінің нығаюы мен дамуының обьективті шарттарының бірі – қазақстандық патриотизм. Біздің ұғымымыздағы патриотизм көзсіз құштарлық емес, ата-баба қанымен бойға сіңген Отанға, елге деген саналы әрі шынайы махаббат. Отансүйгіштік деген ұғым өзің жаралған топырақ пен өскен ортаға деген ізгі сезімді білдірмейді, аясы әлдеқайда кең ұғым. Елдік, бірлік, халықтық қасиет-қазыналарды қастерлеу мен ертеңге деген берік сенім сияқты сезімдерді оятатын да осы отансүйгіштік. Оның қоғам дамуында айырықша орын алатын құдіретті рухани факторға айналуының сыры да осында жатыр. Қазақстандық патриотизм мәселесі қазіргі таңда еліміздің аса маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі болып отыр, сондай-ақ тәуелсіз еліміздің ғаламдық өркениет ортасынан өзінің лайықты орнын алуына бірден-бір себеп болатын маңызы ерекше өлшемнің біріне айналып отыр. Сондықтан елді сүю керек. Оның ең қарапайым шарты – қоршаған ортамен үндестікте өмір сүру. Өзгенің құқығын бұзбау. Тәртіпті сақтау. Сондықтан баршаларыңызды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырамын» деді ол.
Ал директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Б.Жақыпбеков зиянды әдеттерден аулақ болу керегін ескертті. Нақтырағы «Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін зиянды әдеттерден бас тарту қажет. Зиянды әдеттерге темекі, алкоголь, есірткі және уытты заттар жатады. Бұл заттарды ұзақ уақыт, ал кейде тіпті аз ғана уақыт пайдаланғанда ағзада психикалық және тәндік тәуелділік дамиды. Зиянды заттарға әуестенудің барлық түрі ақырында ауыр науқасқа шалдықтырады. Бұл аурулар ұзақ әрі арнайы емдеуді қажет етеді. Адам зиянды заттарды пайдаланудан сақтану үшін олардың кейінгі зардаптарын білу керек. Зиянды әдеттермен күресу осы құбылыстың себептері белгілі болған жағдайда ғана табысты болады. Ғасыр дерті саналатын, қазіргі таңда ең зиянды әдеттің бірі – ішімдік ішу, есірткіге құмарлық, темекіге әуестік сынды зияды әдеттерден бойды аулақ ұстап, саламатты өмір салтын ұстанудың маңызы зор. Ертең – бүгіннен басталады. Сондықтан да ата-аналар, ұстаздар, психологтар, дәрігерлер бірлесе жұмыс жасай отырып, өсіп келе жатқан жасөспірімдердің денсаулығы мықты, шыныққан, саламатты ұрпақ өсіру үшін бірлесе жұмыс жасауы керек. Адам бақытты болу үшін оған денсаулық керек, ал денсаулықтың кепілі-салауаттылық» деді ол. Сонымен қатар алдағы уақытта бос уақытты тиімді өткізу керегін тілге тиек етті. Айтуынша, бос уақытты тиімді ұйымдастыра білу көптеген кеселді дүниелерге ұрынбаудың алдын алады. Ал бос уақытта ұйымдастыру дегені уақытты босқа кетіру деген сөз емес. Спортпен шұғылданып, кітап оқып, таным көкжиегін кеңейтсе, міне, жастар сонда ғана уақытты өз дегеніне көндіріп, нақты нәтижелерге жете алмақ. Сол себепті де бұл кеңестерді естен шығармаған жөн.
Бұдан бөлек, жиын барысында сөз алған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ш.Надирбаев қоғамда кеңінен тарап жатқан құмар ойындарының зардаптары турасында, лудомандардың белгілері жайында тарқата баяндады. «Ресми деректер бойынша, Қазақстанда қазірдің өзінде шамамен 350 мың азамат ойынқұмарлыққа салынған. Бұл ретте бір адамды лудоманиядан емдеу орта есеппен 400 мың теңге тұрады. Тиісінше, 350 мың ойыншыны емдеуге 140 миллиард теңге шығын шығару қажет болады. Мұндай ауыртпалықты мемлекеттік бюджет те, отбасылар да көтере алмайды. Мұның сыртында құмар ойындарға тартылған қазақстандықтар саны жоғары қарқынмен өсіп барады. Тағы бір жаншошырлық дерек бар. Ойыншылар жалақысын, бар тапқан-таянғанын бәске тігеді. Одан қалды, үйіндегі құнды дүние-мүлкін комиссиялық дүкендерге сатып, ломбардқа салады. Сонымен қатар банктерден, микроқаржы ұйымдарынан сыйақы ставкасы аса қымбат тұтынушылық кредиттер рәсімдейді. Мәдениет және спорт министрлігі анықтағандай, ойынқұмарлардың әрқайсысының мойнында орташа мөлшері 10 миллион теңге қарыз бар. Көбісінде бұдан да көп. Яғни, 350 мың адамға шаққанда, лудомандар 3,5 триллион теңге несие алып, букмекерлер мен казиноларға салған» дей келе лудомандардың қоғамнан бөлектеніп, ақыр аяғында жалғыз қалатынын сөз етті. Айтуынша, лудоманияға шалдыққан адам ойнау арқылы оңай ақша іздей бастайды. Сондай-ақ депрессияға ұшыраған кезде, тәуелді адам қоғаммен байланысын жоғалтады, тұйықтала бастайды және тек ойынмен алданады. Тағы бір себеп – ересектер балалар сияқты әрекет етіп, жауапкершілікті алғысы келмей, жанжалдан қашады. Осы және өзге де деректер айтылған жиын барысында мамандар студенттерді толғандырған бірқатар сауалдарға ашық жауап беріп, өз ойларын ортаға салды.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады» дей келе, тиісті тапсырмаларды берген еді. Осының негізінде елімізде арнайы заң жобасы қаралып жатыр. Аталған заңға сәйкес, ойын бизнесіне қатысушыларды оның жағымсыз салдары, тәуекелдері мен зияны туралы міндетті түрде хабардар ету, сондай-ақ мәліметтері борышкерлер тізілімінде бар жеке тұлғалардың ойынға қатысуына тыйым салу туралы міндетті ақпарат енгізіледі. Құмар ойындарға кәмелет жасқа толмаған және құмар ойындарға қатысуы шектелген адамдарды тартқаны үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жазалар белгіленеді. Букмекерлік кеңселер мен лотереяларға арналған жарнаманы орналастыру мен таратуға қойылатын талаптар күшейтіледі.