ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ ІРІ СПОРТ КЕШЕНДЕРІ БОЙ КӨТЕРІП ЖАТЫР

Спорт – ұлт денсаулығының кепілі, ел болашағының айнасы. Осы орайда, Түркістан облысында спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңірде бұқаралық спортты қолдау, спорт инфрақұрылымын жақсарту, жасөспірімдер мен жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алдымен облыста жаңа спорт нысандары салынып, бар кешендер қайта жаңғыртылуда.
Ауылдық жерлерде дене шынықтыру алаңдары, стритбол және воркаут алаңдары көптеп ашылып жатыр. Бұл – әсіресе ауыл балаларына кәсіби спортқа жол ашатын үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, Түркістан қаласында және басқа да аудандарда түрлі деңгейдегі спорт жарыстары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Аймақтық, республикалық, тіпті халықаралық турнирлердің өткізілуі – өңір спортшыларының шеберлігін арттырып, тәжірибе алмасуына зор септігін тигізеді. Мұндай шаралар жастар арасында спортқа қызығушылықты арттырып, салауатты өмір салтын насихаттайды. Мемлекет тарапынан дарынды спортшыларға қолдау да күшейіп келеді. Арнайы спорт мектептері мен олимпиадалық резерв орталықтары арқылы кәсіби спортшыларды даярлау ісі жолға қойылған. Түркістан облысының жастары бүгінде ел намысын түрлі жарыстарда лайықты қорғап, биік белестерді бағындыруда. Сондай-ақ, облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған параспорт түрлерін дамыту да назардан тыс қалмауда. Бұл – инклюзивті қоғам құрудағы маңызды қадам.
Атқарылып жатқан шараларға келсек, Түркістан облысында халықаралық талаптарға сай атшабар мен ескек есу каналының құрылысы жалғасуда. Жуырда облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған нысандарды аралап, құрылыс барысымен танысты. Көпфункционалды кешен ретінде салынып жатқан атшабар Халықаралық ат спорты федерациясының талабына сай бой көтеруде. Мұнда болашақта халықаралық жарыстарды өткізу көзделген. Атап айтқанда, Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізілген конкур, үшсайыс және ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізуге мүмкіндік тумақ. Бұл нысанда 30-дан аса техника мен 71 адам жұмыс істеуде. Облыс әкімі нысанның құрылыс жоспарымен танысып, қолданылатын материалдары туралы мамандар пікірін тыңдап, жауапты басшылар мен мердігерге нақты міндеттер жүктеді. Одан кейін Нұралхан Көшеров халықаралық деңгейдегі ескек есу каналының құрылыс барысын қадағалады. Ғимараттарын аралап, сапалы материал қолдану әрі сәулетін келісті ету жөнінде тапсырма берді. Бұл кешен елімізде ескек есу, академиялық есу спорт түрлерін, сонымен бірге туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласының суару жүйесіне оң ықпалын тигізеді. Нысанның құрылысы 2021 жылы басталды. Үш кезеңнен тұрады. Бүгінгі таңда үшінші кезеңнің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс алаңында 165 адам және 24 техника жұмылдырылған. Кешенде 1000 орындық трибуна, қайықтар мен спорттық жабдықтарды сақтауға арналған эллинг ғимараты, төрешілер мұнаралары, аэрация және сүзу жүйелері, инженерлік инфрақұрылым, сондай-ақ көрермендерге арналған табло, көгалдандыру және абаттандыру элементтері қарастырылған.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысында спортты дамыту – өңір басшылығы мен халықтың ортақ мүддесі. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жастарға сенімді болашақ сыйлап, ұлт саулығына серпін беріп отыр. Спорт арқылы ұрпақ тәрбиелеп, ел абыройын асқақтату – баршамыздың міндетіміз.