«ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ» ЖАЙҚАЛЫП КЕЛЕДІ

Түркістан қаласы аумағында «Жасыл белдеу» құру мақсатында отырғызылған орман ағаштарының саны артып келеді. Осы орайда, облыс әкімі Нұралхан Көшеров Бірлік алқабындағы «Жасыл белдеу» жұмыстарымен танысып, қаладағы «Жасыл аймақ» мекемесіндегі орман тұқымбағы мен жылыжайларын аралап көрді. Өңір басшысы «Жасыл белдеуге» жауаптыларға көшеттерді күтіп-баптау және көгалдандыру жұмыстарын одан әрі жандандырып, суару жүйесін жетілдіруді тапсырды.
Түркістан қаласын шаң-тозаңнан сақтап, экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, 2019 жылы Түркістан қаласының айналасына «Жасыл белдеу» құрылды. Облыс әкімінің қолдауымен бүгінгі таңға дейін 29 544 гектар жер мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылған. Оның ішінде Түркістан қаласында 2852 га, Сауран ауданында 19362 га және Отырар ауданында 7 330 га аумақты құрайды. Қала айналасынан 2019-2024 жылдар аралығында жалпы 18 071 га жерге әртүрлі жапырақты ағаштар отырғызылған. Атап айтсақ, жапырақты ағаш көшеттер аумағы – 8 337 га, сексеуіл екпелері – 9 734 га. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев «Жасыл белдеудің» қазіргі жағдайы туралы мәлімдеп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.
Орман екпелерін суару мақсатында 237 ұңғыма қазылып, «Арыс-Түркістан» каналы, «Қосқорған» су қоймасы мен Қарашық өзенінен су тарту жүйелері орнатылды. Қазіргі таңда мекеменің аумағында 90 пайыз электр желісі тартылған. Электр желісі тартылған учаскелерде 24 сағат суару мүмкіндігі бар. Ал қалған 10 пайызы бензинді және дизельді мотопомпалармен суарылады. Мекемеде 100 гектар жерде ағаш-бұта көшеттерін өсіруге тұрақты және 20 гектарда уақытша орман тұқымбағы ұйымдастырылған. Тұқымбақтардың көлемін ұлғайту, климаттық жағдайды жақсарту бағытында заманауи тұқымбақ құрылды.