ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАЗҒЫ САУЫҚТЫРУ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында көптен күткен жазғы демалыс маусымы ресми түрде басталды. Маусымның алғашқы күндерінде облыстағы бірқатар жазғы сауықтыру лагерьлері алғашқы ауысыммен оқушыларды қабылдап үлгерді. «Болашақ», «Тау шыңы», «Үркер» сынды ірі лагерьлерде алғашқы онкүндікте мыңнан астам бала демалып, денсаулығын нығайтуда.
Бірінші ауысым 2 маусым мен 12 маусым аралығында өтеді. Осы кезеңде Сайрам ауданындағы «Болашақ» лагерінде облыстық бюджет есебінен 314 бала тынығып жатыр. Бәйдібек ауданында орналасқан «Тау шыңы» лагерінде 120 бала жазғы демалысын өткізуде. Ал Кентау қаласындағы «Үркер» лагерінде Арыс қаласынан келген 300 және Ордабасы ауданынан келген тағы 300 оқушы жазғы сауықтыру бағдарламасына қатысуда. Басқа лагерьлер де кезең-кезеңімен жұмысын бастап, балаларды алдын ала жасалған кестеге сәйкес қабылдауда. Биыл Түркістан облысында жазғы демалысты ұйымдастыруда жаңа қадам жасалды. Алғаш рет облыста модульдік лагерь жобасы қолға алынды. Бұл бастама аясында 5 мемлекеттік лагерь аумағына 52 модульдік жатақхана орнатылып, нәтижесінде қосымша 7500-ден астам орын ашылды. Жаңа үлгідегі инфрақұрылым балалардың жайлы демалуына мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы, жазғы демалыс кезеңінде облыс бойынша 41 мыңнан астам бала 10 мемлекеттік және 21 жекеменшік лагерьде демалады. Сонымен қатар 400 мыңға жуық оқушы мектеп жанындағы лагерьлер, арнайы экскурсиялар және танымдық іс-шаралар арқылы жазғы маусымды қызықты әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік алады. Жекеменшік лагерьлерде демалысты ұйымдастыру үшін 8 ауданнан 11 500 балаға қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы қызмет көрсетушілер анықталды. Келісімшарт жасалған жеке меншік және мемлекеттік лагерьлерде барлығы 35 338 бала жазғы сауықтырумен қамтылады. Түркістан облысы жазғы демалыс маусымына жан-жақты дайындықпен келді. Балалардың қауіпсіздігі, демалыс сапасы мен қолайлы орта бірінші кезекте. Жаңа модульдік жатақханалар мен кеңейтілген лагерь желісі – балалар үшін жасалған үлкен мүмкіндік. Бұл жұмыстар оқушылардың демалысын мәнді әрі есте қаларлық етуге бағытталған.