«ҚИЯЛ ӘЛЕМІ» САЯБАҒЫНА ҚАТЫСТЫ ДАУ ШАРЫҚТАУ ШЕГІНЕ ЖЕТТІ

Сейтеновке сын арту қаншалықты дұрыс?

Соңғы уақытта Шымкенттің қақ ортасында орналасқан «Қиял әлемі» саябағындағы коммерциялық нысандардың сүрілуі қоғамда кең резонанс тудырып отыр. Әрине, мұндай шу мен айқайдың артында әлдекімдердің тұруы бек мүмкін. Бұл тақырып әлеуметтік желіде де, медиа кеңістікте де түрлі пікірлер мен алып-қашпа әңгімелерге ұласып, тіпті Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшысы Ержан Сейтеновке бағытталған ақпараттық шабуылдарға себеп болды.

Алайда бұл жағдайға біржақты көзқараспен қарауға болмайды. Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған дереккөздерге сүйенсек, бұл оқиғаның тамыры 2009 жылға барып тіреледі. Сол жылы қала әкімдігі «Әйгерім» ЖШС-на 5 гектар жерді 49 жылға жалға берген. Жер бастапқыда балаларға арналған ойын-сауық орталығы ретінде пайдаланылуы керек болатын. Алайда көп ұзамай саябақ аймағында коммерциялық бағыттағы сауда нүктелері, дүңгіршектер мен басқа да нысандар қаптап, жасыл аймақтың қоғамдық мәртебесі ескерусіз қалды. 2008 жылы-ақ сот шешімі бұл аумақтың коммерциялық құрылысқа арналмағанын, жалпы қолданыстағы жасыл желек екенін нақтылап берген. Бірақ сол шешімге қарамастан, жеке кәсіпкерлік мүдделері үстемдік құрып келді. Тіпті, Мемлекеттік кірістер департаменті «Sayabak alemi» ЖШС-ның 2023 жылғы кірісін 48,7 млн теңге деп көрсетіп, кейін шын мәнінде 292 млн теңге болғанын анықтады. Бұл — салықтан жалтарудың нақты көрінісі.
Осындай күрделі әрі заңдық тұрғыдан маңызды мәселеде Ержан Сейтенов өзінің лауазымдық міндетін адал атқарып, заң талаптарының сақталуына бақылау жасап отыр. Оның атқарған қызметі — жеке мүддеден гөрі қоғамдық игілікті жоғары қоюдың үлгісі. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің сенімді кадры ретінде Сейтенов заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, тұрғындар мүддесіне сай шешім қабылдануына ықпал етуде. Қала берді, әлеуметтік желілерде саябақтың ескіргенін, бағасының тым қымбаттығын, аттракциондардың техникалық ақауларға ұшырағанын, тіпті кей жағдайларда балалардың жарақат алғанын ашық жазған тұрғындар аз емес. Бұл – қоғамның әділет пен қауіпсіздікке деген сұранысының көрінісі. Жалпы қаладағы әрбір шешім – халықтың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін қабылдануы тиіс. Жасыл аймақтың қайта қалпына келтіріліп, шын мәніндегі демалыс орнына айналуы — Шымкент тұрғындары үшін үлкен жеңіс болмақ. Бұл ретте Ержан Сейтеновтің заңға сүйеніп, қоғам мүддесін қорғауы — мемлекеттік қызметкерге тән адалдықтың жарқын мысалы. Анығы сол, Сейтеновке сын тағып жатқандардың қатарында салықтан жалтарып, мемлекетке жалған есеп беріп келген кәсіпкерлер бар. Оларға нысандарды көшіру туралы алдын-ала хабар да берілген. Дер кезінде іске кіріспей, техника тақағанда шу шығару да әділдіктің шеңберіне сыймайтын тәрізді…

«Уақыт».