ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ЖАЛПЫ ІШКІ ӨНІМ 6 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ

өсім локомотиві — өнеркәсіп
2025 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы ел экономикасының тұрақты және теңгерімді өсу траекториясында екенін көрсетті. Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сүйенсек, жалпы ішкі өнім өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш – соңғы жылдардағы ең жоғары нәтижелердің бірі саналады және экономиканың әртараптандырылған құрылымын, сондай-ақ жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың тиімділігін дәлелдейді.
Осы уақыт аралығында өнеркәсіп өндірісі 6,4 пайызға ұлғайып, ЖІӨ өсіміне негізгі үлес қосты. Елдің 17 өңірінде өнеркәсіптік өсім тіркелуі — экономикалық белсенділіктің кең ауқымды географиясын білдіреді. Әсіресе Жамбыл облысы тыңайтқыштар, цемент және қант өндірісі сияқты өңдеуші салалардағы серпін арқылы көш бастады. Түркістан, Жетісу облыстары және Шымкент қаласы да 14-19 пайыз аралығында өсім көрсетіп, өнеркәсіптегі өңірлік бәсекелестіктің артқанын байқатты. Бұл көрсеткіштер отандық өндірістің қайта жанданып, ішкі және сыртқы сұранысқа бейімделе бастағанын аңғартады. Бұл, әсіресе, импортты алмастыру мен экспортты әртараптандыру саясатының жемісін бере бастағанының айғағы.
Ауыл шаруашылығында 4 пайыздық өсім тіркелді. Мал мен құс шаруашылығы саласындағы өндірістің артуы бұл өсімді қамтамасыз етті. Көрсеткіштер жөнінен Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Бұл – аймақтардың табиғи-климаттық ерекшеліктерін тиімді пайдалануының және агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған мемлекеттік субсидиялар мен бағдарламалардың оң нәтижесі. Дегенмен бұл саладағы өсім өнеркәсіппен салыстырғанда біршама баяу. Мұның себебі – агроөндіріс технологияларының жаңартылу қарқынының төмендігі мен еңбек өнімділігінің жеткілікті деңгейде болмауы болуы мүмкін.
Құрылыс саласы 15,4 пайыздық өсіммен экономикадағы ең қарқынды дамып жатқан бағыттардың бірі ретінде ерекшеленді. Бұл салада 18 өңірдің түгелге жуық қатысуы – ұлттық деңгейдегі даму мен инвестициялық белсенділіктің біртұтас сипат алғанын білдіреді. Маңғыстау облысындағы ірі инфрақұрылымдық жобалар – мектептер, су және мұнай құбырлары, ауруханалар мен автожолдарды жаңарту – өңірлік даму стратегияларының нәтижелі іске асып жатқанын көрсетеді. Құрылысқа қатысты маңызды көрсеткіштің бірі – тұрғын үй салу көлемінің 6 млн шаршы метрден асуы. Бұл – азаматтардың баспанаға сұранысының жоғары екенін және құрылыс нарығының әлеуеті зор екенін дәлелдейді. Шымкент, Түркістан және Алматы облыстары осы салада көш бастап отыр. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялар 18,2 пайызға өсті. Бұл – экономикалық даму тек тұтынушылық сұранысқа ғана емес, нақты секторға бағытталып жатқанын білдіреді. Көлік, өндірістік инфрақұрылым және жаңа өнеркәсіптік нысандарға бағытталған қаржы – ұзақмерзімді экономикалық өсімге салынған стратегиялық салымдар.
Біз сөз еткен кезеңде сауда айналымы 7,8 пайызға артып, ішкі нарықтағы белсенділіктің жоғары екенін көрсетті. Түркістан облысы бұл салада 66,2 пайыз өсіммен айқын көшбасшы болып отыр. Көтерме және бөлшек сауданың тең өсуі – жеке кәсіпкерліктің дамып жатқанын білдіреді. Ал көлік секторындағы 23,1 пайыз өсім – аса маңызды құрылымдық өзгеріс. Бұл өсім теміржол және құбыр арқылы жүк тасымалдаудың артуымен байланысты. Мұндай көрсеткіштер елдің логистикалық әлеуетінің артқанын және аймақаралық экономикалық байланыстардың нығайғанын көрсетеді. Бұдан бөлек, байланыс саласы 2,8 пайызға өссе де, интернет қызметтері сегментінде 13,9 пайыздық өсім тіркелуі – цифрлық экономика мен телекоммуникациялық инфрақұрылымның кеңеюін көрсетеді. Бұл – болашақта IT секторы мен цифрлық қызметтердің экономикалық салмақ үлесі артады деген сөз.
Жалпы 2025 жылдың алғашқы бес айындағы деректер Қазақстан экономикасының көпвекторлы дамып келе жатқанын дәлелдейді. Өнеркәсіп пен құрылыс – негізгі драйверлер, ал ауыл шаруашылығы, сауда, көлік және байланыс салалары қосымша серпін беріп отыр. Бұл өсімге инвестиция көлемінің артуы мен мемлекеттік инфрақұрылымдық жобалардың жүйелі іске асырылуы үлкен үлес қосуда. Алайда кейбір салаларда – әсіресе агроөнеркәсіп пен телекоммуникацияда – әлеует толық іске аспағаны байқалады. Бұл бағытта жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу, кадр даярлау және басқару тиімділігін арттыру қажет. Ел экономикасының алдағы кезеңдердегі тұрақты өсуі үшін құрылымдық реформаларды жалғастыру, инвестициялық климатты жақсарту және өңірлер арасындағы даму теңгерімін сақтау басты басымдық болмақ.
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.