«СЕССИЯДА ҚАБЫЛДАНҒАН ШЕШІМДЕР ҚАЛА ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ»

Жуырда өткен Шымкент қаласы мәслихатының кезекті ХХVII сессиясында қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Мәслихат отырысында қабылданған шешімдер қаланың өсіп-өркендеуіне серпін беретін жаңа бастамалардың негізін қалап отыр.

Сессия барысында Әл-Фараби ауданының әкімі қызметіне Маратбек Мықтыбековтың тағайындалуы – аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсету мен жергілікті басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл тағайындауға депутаттық корпус тарапынан қолдау көрсетіліп, жаңа әкімге зор сенім артылып отыр. Сонымен қатар «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағын беру ережесіне енгізілген өзгеріс те сессияның мәнді тұстарының бірі болды. Бұдан былай бұл мәртебелі атақ 25 адамға дейін беріледі. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл шешімнің негізінде ғылым, білім, мәдениет пен қаланың дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың еңбегі лайықты бағалануы қажет екенін атап өтті.
Сессия барысында Шымкент қаласы әкімдігі мен қалалық тексеру комиссиясының 2024 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалды. Қала экономикасындағы оң серпіннің нәтижесінде бюджет кірістері артқаны және жоспарланған көрсеткіштердің толық орындалғаны мәлім болды. Бұл – қаланы басқарудың тиімділігін, салықтық базаның кеңейіп, кәсіпкерлік белсенділіктің артқанын көрсетеді. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтарды қолдау, жұмыспен қамту, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары және жайлы қалалық орта қалыптастыру бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар жайында есептер тыңдалып, алдағы кезеңдерге нақты жоспарлар қойылды. Әсіресе, Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының 2025 жылға арналған бюджетінің 26 млрд теңгеден асуы – алда ауқымды инфрақұрылымдық және көгалдандыру жобалары іске асатынын білдіреді.
Қорыта айтқанда, кезекті сессияда қабылданған шешімдер қаламыздың тұрақты дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған. Мәслихат депутаттары ретінде біз алдағы уақытта да халықтың сенімін ақтап, қала дамуына үлес қосуға күш саламыз.

Лазиз СУЛАЙМАНОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.