МАҢЫЗДЫ ФОРУМ АЯСЫНДА ТҮРКІСТАНДА ЖИЫН ӨТТІ

Елімізде қаржылық сауатты арттыру мен түрлі теріс әрекеттерден сақтану бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Бүгінде ел-елде түрлі бағытта ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұл ғана емес, ауқымды шаралар да ұйымдастырылып, құнды кеңестер айтылуда. Мәселен, жуырда ғана Астанада Қаржылық мониторинг агенттігінің қолдауымен «АФМ — онлайн» конференциясы өтті. Бұл ауқымды жоба қаржылық сауатты арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Маңызды шараға еліміздің бірқатар танымал тұлғалары, жауапты сала мамандары қатысты. Бұл ғана емес, аталған конференцияны еліміздің барлық өңіріндегі жастар мен белсенді азаматтар онлайн режимде тамашалады. Ол қатарда Түркістан қаласының белсенділері мен жастары, қала берді, қала тұрғындары бар.

Нақтырағы, күнгейде Түркістан облыстық тергеп-тексеру Департаментінің басшысы Ерболат Балғабаевтың бастамасымен арнайы жиын өтті. Жиында қазіргі уақыттағы интернет алаяқтық, лудомания, қаржы пирамидаларына жол бермеу сынды өзекті мәселелер сөз болды. Шараға еліміздегі ең үздік 35 университеті, 20 мыңнан астам студент және 10 миллионнан астам аудиториясы бар блогерлер онлайн режимде қатысты. Сондай-ақ онлайн форматта өткізілген жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Қаржы министрі Мади Такиев, ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева тақырып аясындағы мәселелерге кеңінен тоқталып, өз ойларын ортаға салды. Ал Түркістандағы жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық «AMANAT» партиясының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабек және белсенді азаматтар қатысты.
Жиында айтылған ақпараттарға ойыссақ, Қаржылық мониторинг агенттігі биылғы жарты жылдықта 36 қаржы пирамидасын әшкерелеген. Сондай-ақ 200 WhatsApp, Telegram чаттарды тоқтатқан. 182 чатты мүлде жойған. Осылайша сол жерде отырған 126 мың азамат қаржы пирамидасының құрығынан аман қалды. Республикалық көлемде өткен алқалы жиынға 5 министрліктің басшысы, елге танымал медиа тұлғалар қатысып, қаржы пирамидаларын анықтау, әлеуметтік желідегі заңбұзушылықтардың алдын алу мәселелерін талқылады. Жиын барысында сөз алған ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Бұл форумның мақсаты — қаржы пирамидаларына, қаржылық алаяқтыққа қатысты мейлінше ауқымды ақпарат беру. Құзырлы органдармен бірлесіп, қаншама заң бұзушылықты әшкерелеп жатырмыз. Бірақ ұйымдастырушылар бір орында тұрмайды, күннен күнге схеманы өзгертіп отырады. Сондықтан халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, жастарды ақпараттандыру мәселесіне ден қоюымыз керек. Әсіресе жастар — ең осал аудитория. Олар әлеуметтік желіде отырады, сәйкесінше алаяқтықтың құрбаны да солар болады» деп атап өтті.
Айта кету керек, қазіргі уақытта қаржылық сауаттың маңызы айрықша. Өйткені өз тапқан қаражатын байыппен жұмсай алмаудың салдарынан сан түрлі әлеуметтік мәселе ушыға түседі. Ол қатарда лудомания сынды қоғамды әбігерге салған түйткілдер бар. Адамдардың шектен шыққан ойымпаздығы қоғамдық тәртіп пен материалдық тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Дамыған елдерде оның зияны мен залалы қатты сезілмесе де, дамушы елдерде өзекті психоәлеуметтік мәселеге айналды. Көбінесе ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін адамдар ақша тігу, материалдық затты ойнату арқылы тәуекел етіп, ақшалы болуға мән береді. Соның салдарынан адамда психологиялық бейімділік, психопатия, аддиктивті мінез-құлық қалыптасады. Құмар ойынның түрі көп. Мәселен, лотореяға бинго, джекпот жатса, гэмблингке ойын автоматы, беттингке спорт жарысына бәс тігу қаралады. Карта ойындары – покер, блэкджэк, баккора, казино ойындары – рулетка, бинго, колесо, фортуна және тағы басқасына қызығатындар көп. Психологтар жүргізген зерттеуге сенсек, құмар ойынға орташа тәуелділік жасы – 17-38 жас. Дәл осы жастағы азаматтар елдің өсіп-өркендеуіне қосатын үлесі жоғары екенін ескерсек, бұл қоғам үшін қауіпті үдеріс екені анық. Ойынға тәуелділік кезінде тұлғаның даму процесінде физикалық, рухани, әлеуметтік тұрғыда құлдырап, өз ортасынан алшақтауы байқалады.