ҚҰРЫЛЫСШЫ. МЕЦЕНАТ. ҮЛКЕН ЖҮРЕКТІ АЗАМАТ
Шымкентте апатты, үш ауысымды мектептер, білім мекемелерінде орын жетіспеушілігі дейтін проблема бүгінде толығымен шешілген. Бұл мәселелерді шешуде Низамхан Сулайманов сынды кәсіпкерлердің үлесі зор. Низамхан Сулайманов – Оңтүстік жұртына танымал кәсіпкер. 2010 жылдан бері Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аумағында заман талабына сай 8 балабақша, 14 мектеп салып, ел игілігіне тапсырған.
ЖҰМЫС – ОЛ ҮШІН ДЕМАЛЫС
Низамхан мырзаның мамандығы – құрылысшы. 1967-1972 жылдар аралығында Өзбекстан Республикасындағы Самарқан қаласында сәулет-құрылыс институтында инженер-құрылысшы мамандығы бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолын 1974 жылы Шымкент қаласындағы 1-Құрылыс-жөндеу учаскесінде бетоншы болып бастапты. Осында табан аудармастан отыз жылға жуық шебер, прораб, бас инженер болып еңбек еткен. Учаске құрылыс басқармасына айналып, ауқымы кеңейген тұста жиырма жыл басшылық қызмет атқарып, 2010 жылы зейнет демалысына шыққан.
Өзге жұрт зейнеткерлікке шыққан соң демалса, Низамхан мырза кәсіп бастап, қым-қуыт тірліктің ішіне қойды да кетті. Кәсіп болғанда, жаны сүйетін құрылыспен айналысып жүр. Құрылыс болғанда, балабақша мен мектеп салуда.
Кәнігі құрылысшының білім мекемелерін салуына зайыбы Арофатхан себеп болыпты. Мектепте қырық бес жыл мұғалім болған ұлағатты ұстаз: «Тойхана, дүкен салғанша, білім ордаларын салсаң қайтеді» деп ақыл қосыпты. Өйткені сол тұста 38 мың халқы тұратын Сайрамда мектепке дейінгі бірде-бір мекеме болмапты. Баяғы совхоздан қалған балабақша жекешелендіріліп кеткен. Жұмыс істейтін, ата-анадан бөлек тұратын жас отбасылар үшін бұл үлкен мәселе еді.
Ол кісі зейнетке шыққан тұста елімізде «Балапан» бағдарламасы қолға алынған кез еді. 2010-2018 жылдар аралығында Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында «Жамалай ана», «Жан-Балажан», «Гүл-Астана», «Нәзира ана», «Сулайман ата», «Арофат», «Жаннатай ана», Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында «Жас Ұлан» – барлығы 8 балабақша салды. Мектепке дейінгі осынау білім беру мекемелерінде бүгінде бес мыңнан астам бала тәрбиеленуде.
Низамхан Сулаймановтың істеп жатқанын тірлігіне таңданбай қарау мүмкін емес. Ол пайдалануға берген балабақшалар сапасы, ішінің безендіруі мен жобалануы, жайлылығы жағынан мегаполистің көптеген мектепке дейінгі мекемелерінен асып түседі. Олардың әрқайсысында ойын және жатын бөлмелері, музыка және спорт залдары, медициналық кеңселер, қысқы және жазғы бассейндер бар.
Ал, мектеп салуды ол кісі 2018 жылдан бастады. Бүгінге дейін заман талабына сай 14 мектепті пайдалануға берді. Алғашқы мектепті «Сайрам» тұрғын алабынан салды. Халық тығыз қоныстанған, бала туу көрсеткіші жоғары елді мекенде балалар ондаған жылдар бойы апатты және бейімделген мектептерде, үш ауысымда оқуға мәжбүр болып жүрген. Низамхан Сулайманов 1000 орынды мектеп салып, зайыбының құрметіне «Арофат» деп ат берді.
2019 жылы Шымкент қаласында 2500 орынды Абай Құнанбаев атындағы, 2020 жылы Шымкент қаласында 1200 орынды «Низамхан» мектебі салынды.
2021 жылы Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында 2500 орынды «Сайрам» мектебі, 2022 жылы Сайрам ауданының Манкент ауылында 1200 орынды Әл Фараби, А. Науаи, Ә. Молдағұлова, А. Ясауи, Ақсукент ауылында 1200 орынды М.Әуезов пен Д.Қонаев атындағы мектептер, 2023 жылы Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында 3500 орынды А.Байтұрсынұлы атындағы, 1200 орынды «Астана» және «Түркістан» мектептері, Шымкент қаласының «Нұрсәт» мөлтек ауданында 3500 орынды Д.Қонаев атындағы мектеп салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 3500 орынды тағы бір жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Бүгінде бұл білім мекемелерінде барлығы 2000-нан астам мұғалім еңбек етіп, 18 мыңнан астам оқушы тәлім-тәрбие алуда.
Мектептердің материадық-техникалық жабдықталуы жоғары деңгейде. Заманауи теледидар, компьютер, интерактивті тақта барлық білім мекемелерінде жеткілікті. Мұғалімдердің жұмыс және демалыс бөлмесі бар. Медициналық бөлме, психолог және логопед кабинеттері қарастырылған. Бассейн, спорт және мәжіліс залдары, шаштараз, кең де жайлы асханалар жұмыс істейді.
Мектептерде оқу қазақ, орыс, өзбек тілдерінде ақысыз жүргізіледі. Ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Ұзартылған күн топтары бар. Сонымен қатар тіл үйрену курстары, шахмат, дойбы, хореография, музыка және түрлі пән бойынша үйірмелер жұмыс істейді.
Үздік оқушыларға тоқсан сайын құрылтайшы есебінен шәкіртақы беріледі. Оқу жылының соңында оқу озаттарының ата-аналары мен білікті ұстаздарға Астана, Алматы, Түркістан, Ташкент, Самарқанд, Бұхара қалалары мен түрлі демалыс орталықтарына тегін жолдама беріледі.
Жалпы, «НС» корпорациясына қарасты мектептерде білім сапасына баса назар аударылады. Сондықтан оқушылардың білім көрсеткіші өте жоғары. Корпорация мектептері республикадағы жеке оқу орындары арасында алдыңғы орында.
Низамхан Сулайманов өзі салып жатқан мектептердің жобасын өзі жасайды. Сондықтан мұғалімдер мен оқушыларға ыңғайлы болатын барлық жағдай ескеріледі. Дәліз, сыныптың кең болуы, спорт залдың бірнешеу болуы, арнайы кабинеттер болуы қарастырылған. Мәселен, Қарабұлақ ауылындағы мектеп бір ауысымда 3 мың баланы қабылдай алады. Ол жақта сырттан жұмыс істеуге келген мұғалімдерге арналған екі қабатты қонақ үй бар.
Кәсіпкердің айтуынша, мектеп салуға жұмсалған қаржы шамамен 25 жылдан кейін ғана табыс әкеледі. Ол кісі бір нысанның құрылысы толық біткен заматта банкке кепілге қойып, келесі нысанды бастау үшін несие алатын болып шықты. Қарызын дер кезінде қайтаратынын білетін банктегілер де екі сөзге келмей, сұрағанын беретін көрінеді. Есесіне халық игілігі үшін қажетті қаншама нысан бой көтерді.
«Қазір мойнымда он миллиард теңге несие бар» дейді ол. Бұл кісінің жайдары жүзіне қарап қарызы бастан асады деп тіпті ойламайсыз. Өзі істеп жүрген тірлігінен рахат алады. Күнде таңғы алтыдан бастап құрылыс нысандарын бірінен соң бірін аралап шығады. Күні бойы бітпейтін қым-қуыт тірліктен әдетте адам баласы шаршап-шалдығатын болса, бұл кісі керісінше күш-қуат алады. Ол кісіге жұмыс – нағыз демалыс.
ЕҢБЕГІ ҮЛГІ ЕТУГЕ ТҰРАРЛЫҚ
Расы керек, қоғамда жекеменшік мектептер туралы пікір көп. Жеке меншік мектептерде білім төмен, оларға табыс тапса болды деген қате түсінік бар. Бірақ Н.Сулаймановтың жекеменшік мектептер желісі бұқараға мемлекеттік емес мектептердің артық тұстарын көрсете алды.
Біріншіден, Шымкент қаласы мен Түркістан облысында білім мекемелерінде орын жетіспеушілігі, үш ауысымда оқу, апатты мектептер санын жою дейтін проблеманың шешілуіне септігін тигізуде.
Екіншіден, білім беру процесінде бәсекелестік орнауына ықпал етті. Бәсекелестік білім сапасының артуына жол ашады. Бірнеше спортзалы, бассейні, бір мезгілде 500 оқушы (1-11 сыныпқа дейін) тегін тамақтанатын асханасы бар, арнайы автобустар тегін тасымалдайтын, үздік оқушыларға стипендия беретін, үйірмелерге тегін қатысу мүмкіндігі берілген, мектеп есебінен қалаларға, саяхат орындарына саяхат ұйымдастыратын әзірге тек «НС» корпорациясына қарасты мектептер ғана.
– Низамхан Сулайманов құрған мектептерде оқушылардың терең білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Мектептер «жан басына қаржыландыру» әдісімен қаржыландырылады және бұл тұрғыда проблема жоқ. Мектепке келіп тек қана сабақ оқу керек. Сабақтан соң оқушылар түрлі ғылыми, спорттық, шығармашылық үйірмелерге қатысады. Балаларды көліктерде үйіне дейін алып барып жатыр. Бұл ата-ана үшін де өте ыңғайлы, – дейді Сайрам аудандық ардегерлер кеңесінің төрағасы Ильяс Айтжан.
Ал, Сайрам ауданы білім бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Қабылбеков ондаған мектеп салған Н.Сулейманұлы Отанды сүюдің үлгісін көрсетіп, адамзаттың ең қадірлі, сауапты ісі – мектеп салып, жаңа Қазақстан қоғамы балаларының болашағын құру міндетін абыроймен атқарып жүр деген пікірде.
– Үздік жекеменшік мектептер тәжі¬рибесін Оңтүстік өңірінде, соның ішінде Шымкент қаласы мен Сайрам ауданында енгізген Низамхан Сулайманұлының еңбегі үлгі етуге тұрарлық. Себебі, бұл мекемелер жер көлемі, материалдық базасы, баланың сыйымдылығы жағынан мемлекеттік мекемелермен бәсекеге түсе алатын дәрежеге ие.
Тәуекелшіл, іскер азамат Низамхан Сулайманұлы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде несие ала отырып, Шымкент қаласында көптеген зәулім білім беру ошақтары мен балабақшаларын іске қосты.
Жекеменшік мектептер қоғамды жікке бөлудің емес, білім кеңістігінде ықпалдасудың үлгісіне айналып отыр, – дейді Шымкент қаласы білім саласы ардагерлер ұйымының төрағасы Жолдасбек Күздеубаев.
«ӘКЕ КӨРГЕН ОҚ ЖОНАР…»
Низамхан Сулаймановтың жасы бүгінде жетпіс төртке қарады. Бұл жас кәріліктің мойынға мініп, аяғын тұсап, отырса тұруы, тұрса отыруы мұң, жатса ұйқы жоқ, діңкесі құрып, дөңбекшіп барып ұйықтайтын кезі. Ал, Низамхан мырзаның жүрісі ширақ, ойы орнықты, сөзі салмақты. Ширақтығы бір сәт жұмыссыз отыра алмайтын, демалыс дегенді білмейтін еңбекқорлығынан деп білеміз.
– Өмірде белгілі бір жетістікке жетсем, бұл ата-анамның арқасы. Олар дұрыс жол көрсетіп, ақыл-кеңесін аяған жоқ. Балаларының бәрін кішкентай кезінен еңбекке баулыды. Адал еңбектің наны тәтті екенін ұғындыра білді. Асып-таспауға, барға қанағат етуге, жоқта сабыр сақтауға, жығылғанды демеп, қиналғанға көмек қолын созуға тәрбиеледі. Ардақты Жамалай анам мейірімді, жүрегі кең, қанағатшыл, кішіпейіл жан еді. Ол Аллаға шүкіршілік етуден жалыққан жоқ. Арнайы білімі болмаса да, намаз оқығанда оған тең келер ешкім болмады. Дұғаны жүрекке жағымды дауыспен, ұйқасын келтіріп, шебер оқитын. Әкем Сулайман ұзақ жыл колхозда астық бригадасын басқарды. Ол әсіресе, маусымдық жұмыстар қызған кезде түн ортасында үйге қайтатын. Біз ол кісімен сөйлесу былай тұрсын, ай бойы бет-жүзін де көрмейтін едік. Өйткені біз ұйқыдан тұрғанда әкемнің ала таңнан қайта жұмысқа кеткенін анамыздан еститінбіз. Жарының жайлы мінезі мен бізге деген шексіз махаббатына бөленген балаларына ол кісінің алаңдайтын да жөні жоқ еді-ау, – дейді Низамхан Сулайманов.
Жамалай ана ұлы салып жатқан балабақшалар мен мектептерді өз көзімен көріп, ақ батасын беріп кетті. Низамхан Сулайманов 2010 жылы Сайрамда ашылған тұңғыш балабақшаны аяулы анасының құрметіне «Жамалай ана» деп атады.
Әкесі Сулайман Юлдашев екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Мәскеу, Ленинград, Пушкино, Калининград, Рига, Кенигсберг үшін қан майданның бел ортасында болып, үш рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Эстония, Латвия, Литва, Беларусь және басқа да республикаларды жаудан азат етуге қатысады. 1947 жылы туған ауылына оралып, еңбек жолын қарапайым хатшыдан бастайды. Аудандық партия комитетінде қызмет етіп, одан кейін жеті жыл Сайрам ауылдық кеңесін басқарады.
– Соғыстан кейінгі жылдарда ауылда жаңа мектептердің салынуы әкемнің есімімен тікелей байланысты. Алдымен мектеп-интернат ашылып, 1956 жылы Калинин мектебінің іргетасы қаланады. Әкем асарлатып мектеп құрылысын бастайды. Соғыстан кейінгі қиын кезең, еркек кіндік аз болғанына қарамастан, адамдардың басын біріктіріп, жұмыла жұмыс істеудің өнегесін көрсетсе керек. Әкемнің бастамасымен ауылдағы аурухана кеңейтіліп, медициналық пункттер қатары беске дейін көбейіп, үйлерге радио нүктесі тартылып, көшелерге тас төселіп, орталықтағы мешіт қызметіне ресми рұқсат алынған екен. Әкемнің осындай қасиеттері маған жұғысты болғандай. Құрылысшы мамандығын таңдауымның да бір себебі осы. Мектептер мен балабақшалардың құрылысын бастауыма да осы жағдай түрткі болғаны айқын, – дейді Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы, “Құрмет”, “Парасат” ордендерінің иегері, Шымкент қаласының, Сайрам ауданының Құрметті азаматы Низамхан Сулайманов.
Гүлжамал МҰСАЕВА,
“Шымкент келбеті” қоғамдық-саяси газетінің
бас редакторы.